Ноттингем университетінің аспиранты Ричард Рамчурн эксперименталды фильм түсірген. Туындыны нағыз интерактивті дүние деуге болады. Себебі фильм сюжетінің өрбуі көрермен әсеріне, көңіл-күйіне, эмоциясына тікелей байланысты. Фильм The Moment (Сәт) деп аталады. Ұзақтығы бар-жоғы 27 минут, бірақ 27 минуттық оқиғаны көрермен көңіл-күйіне қарай ыңғайлау үшін 101 триллион сюжеттік желі нұсқалары жасалған. Бір көрген сюжетті көрермен екінші рет тура сол қалпында көруі екіталай, себебі адам миындағы, ағзасындағы қалыпты күй әртүрлі болады. Ал оны компьютерлік бағдарламаға жеткізетін NeuroSky MindWave құрылғысы. Ол мидағы кез келген құбылысты, әсерді бірден танып, соған сәйкес эпизодтарды арнайы алгоритммен таңдап отырады. Мысалы көрермен бір кейіпкерден немесе оқиға орнынан жалыға бастаса, бағдарлама сюжетті шиеленістіріп, адамда эйфория тудыратын эпизодтарды көрсете бастайды. Фильмді көру кезінде оқиғалар динамикасы, музыка, кейіпкерлер, диалогтар өзгеріске ұшырағанымен, автордың шешіміне сәйкес фильмнің соңы барлығында бірдей аяқталады. Сәт фильмінің негізгі оқиғалары антиутопиялық болашақта өтеді. Жасанды интеллект адамзат қасіретіне айналып, кейіпкерлер өлместің күйін кешіп, аман қалудың қамын жасайды. Фильм премьерасы 7 маусым күні Шеффилд кинофестивалінде өтеді.