Ерте заманда бір кедей жігіт болыпты. Қолынан келер үлкен өнері сыбызғы тартып, қой бағу екен. Әкесінің кішкене кезінде үйреткен бұл өнерін ол жанындай жақсы көріпті. Сыбызғыны нақышына келтіріп тартқанда, естіген елдің таңдай қақпайтыны болмайды. Табиғаттағы түрлі құстар мен жануарлардың дауысын осы сыбызғысымен айнытпай салады. Тіпті, өрістегі қойлары да сыбызғының дауысы шыққан жаққа өздіктерінен тартып отыратын болыпты. Бір күні сол маңнан ханның баласы нөкерлерімен өтіп бара жатады. Әдемі тартылған сыбызғының дауысын олар да естиді. Барған сайын жандарын жайландырған бұл үнді бәрі тоқтай қалып тыңдайды. Ақыры сыбызғының дауысы шыққан жаққа еріксіз ат басын бұрыпты. Іздеп келсе, сыбызғы үнін мың құбылтып отырған қарапайым қойшы екен. Бәрі аттан түсе қап тыңдайды. Қойшы жігіт сыбызғысын барған сайын құшырлана тартады. Олар да тағы тартшы деп өтінуін қоймайды. Хан баласы сыбызғыға қатты қызығады. Бұл өнерді саған кім үйретті, дейді қойшы балаға. Әкем үйреткен, дейді қойшы. Өзің қойшысың, әкең де сіңірі шыққан біреу болар. Сыбызғыдан осындай әуездер шығара қоюды үйретті дегенге сенбеймін. Бар өнер мына сыбызғыда. Осы сыбызғыңды маған бер, сен мұны ұстап не қыласың? дейді хан баласы. Қойшы бере алмайтынын, әкесінен қалған мұра екенін айтады. Алайда хан баласы сыбызғыны күшпен тартып алып кетеді. Сыбызғысынан айырылып қалған қойшы жігіт қатты қайғырады. Қойларын өріске айдап шыққанымен, бұрынғыдай жайдары күй кеше алмайды. Дүниеден ерте озған әке-шешесін сағынып мұңға батады. Осындайда көңілін сергітер сыбызғысын ойлап аласұрады. Амал не? Жалғыз жүрген бұл бейбақты кім тыңдасын Хан баласы сыбызғыны алып ордаға келеді. Масайраған көңілмен сыбызғыны тартып көреді. Бірақ қойшы жігіттікіндей әдемі үн шықпайды. Ары тартады, бері тартады. Бәрібір көңілі толмайды. Қойдың артында қаңғырып жүрген қойшыдай тарта алмағаным ба? деп қатты назаланады ол. Осыншама өнер қойшыда емес, сыбызғыда. Мен тек оның сырын білмей жатқан шығармын деп сол ауылдағы мықты деген ағаш шеберлерін алдыртады. Мына сыбызғының қасиеті қай жерінде. Маған тауып беріңдер. Керемет үнін шығару үшін не істеуім керек? деп бұйырады. Міне, ғажап! Керемет үн бүкіл ордаға естіледі. Алыстағылар сазды әуеннің қайдан шыққанын сұрап ес-ақылдары шығыпты. Хан да, қара да қойшының сыбызғысын тыңдауға жиналыпты. Қанша тырысса да елді осындай үйіре алмаған хан баласы да ойға шомыпты. Қалың топтың ішінде ханзадаға өнер үйреткен ұстазы да бар еді. Ұстаз ханзадаға жақындап келіп: Өнерді шын жақсы көріп, ықыласпен үйренсең ғана биігіне жетесің. Ол адамның әл-ауқатына қарамайды, деді ойлы пішінде. Ханзада қызарып кеткен еді. Кезіндегі қойшыға айтқан сөздері мен әрекетінен қысылған. Жұрттың бәрі қойшы жігіттің өнеріне тамсанып қол соғады. Хан баласы өзінің қателігін түсініп, қойшыдан кешірім сұрайды. Шын талант екенін айтып, хан ордасында қалуды өтінеді. Содан былай сыбызғышықойшы жігіт әкесінен үйренген өнерін балаларға үйретуді қолға алыпты. Хан баласымен де достасып кетіпті. Шын өнер өлмейді деген осы екен. дереккөз: zhasorken.kz