Режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өткен «Еуразиялық көпір» аталатын Халықаралық кинофестивальден Гран-при ұтты. Сондай-ақ, аталмыш фильмде ананың рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек ең үздік әйел рөліне берілетін жүлдені иемденді.
Шәкен Айманов атындағы АО «Қазақфильм» өнімі Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт Министрлігінің арнайы тапсырысымен түсірілген.
Фестивальде қазылар алқасының арнайы жүлдесі ресейлік «Желдің жанасуы» атты картинаға берілді. Фильмнің режиссерлері – Ольга Веремеева мен Елена Демидова. Ең үздік режиссерлік жұмысқа берілетін жүлдені «Тони Эрдманн» фильмінің режиссері Марин Адэ алды. Ең үздік ер адам рөліне «Венеция арыстандары» фильміндегі Нери Маркоренің ойыны лайықты деп табылды.
«Еуразиялық көпір» аталатын Халықаралық кинофестивальді ұйымдастыру туралы алғаш Никита Михалковқа ой келген екен, оның Қырымда кинофестиваль ұйымдастырғандағы мақсаты Ресей кинематографының Еуразия аумағында танымалдығын арттырумен қоса, халықтар арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамытып, адами құндылықтарды дәріптеу болды. Ресейдің халық әртісі Виктор Мережко және Қырым Республикасының мәдениет министрі, РФ еңбегі сіңген қызметкері Арина Новосельская фестивальдің президенттері қызметін атқарды.
Естеріңізге сала кетейік, «Анаға апарар жол» фильмінің желісі ана мен перзент арасындағы махаббатты дәріптейді. Картинаның бас кейіпкері рухының мықтылығын, қазаққа тән тектілігін, Отанға деген патриоттық сезімін, анасына деген ыстық ықыласын көрсетеді. Көрмегендер болса, міндетті түрде барып көріңіз! Фильм өмірлік құндылықтардың мәні мен тіршіліктегі құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға жол сілтейді.