- Негізгі бет
- Кино
- "Сумерки" сөйлейді...
"Сумерки" сөйлейді
"Сумерки" – жазушы Стефани Майердің қаламынан туған қанішерлер (вампир) туралы кезекті роман. Шығарманың басты кейіпкерлері – бойжеткен мен қанішер-бозбала 2003 жылдың 2 шілдесінде автордың түсіне енген екен. С.Майер түсінде көк шалғында отырған қос ғашықты көреді: қанішер өзінің пәк сезіміне қарамастан сүйіктісінің қанын ішуге құмартады... Көп ұзамай түс "Сумерки" атты таңғажайып романға ұласты. Кейіннен әлемдік киноны "жарған" атышулы фильм ретінде ел назарына ұсынылды.
Бірнеше сәтсіздіктерден кейін Стефани Майер «Литтл, Браун и К» баспаханасымен үш кітапқа келісімшартқа отырады. Келісімшарт бойынша, автор 750 мың доллар қаламақы алуға тиіс болатын.
Жастар тарапынан өте үлкен сұранысқа ие болған романның алғашқы бөлімі 2005 жылы АҚШ-та жарық көрсе, 2006 жылы "Новолуние". 2007 жылы "Затмение", 2008 жылы "Рассвет" сатылымға шығарылды. Барлық кітапта әңгімеші ретінде Белла Свон есімді бойжеткен таңдап алынғанымен, төртінші томында қызды досы Джейк Блекті сөйлетеді. Автор Белланның сүйіктісі Эдвард Каллен есімді қанішердің де жан дүниесінен хабар беру үшін "Солнце Полуночи" атты романды жазуды қолға алады. Алайда, 2008 жылы жартылай жазылған романның шимайы интернетке таралып кетеді де, жазушы кітаптың соңын кейінге қалдырады.
Ұлттық бестселлерлердің тізімінен бесінші орын алған кітап үлкен жетістікке жетті. Үш баланың анасы, үй шаруасындағы әйел Стефани Майерге бүгінде жанкүйерлері ашқан ондаған фан-сайттар қызмет етеді, ал оның 8 миллион дана кітаптары күллі әлемге таралған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылы жарық көрген "Рассвет" кітабының бір тәулікте 1,3 миллион данасы сатылса, "Рассвет"" бір аптадан кейін АҚШ-та ең көп сұранысқа ие бестіктің қатарына енеді.
Режиссер Кэтрин Хардвик түсірген "Сумерки" фильмдер топтамасы Стефани Майердің аталған романдары бойынша түсірілді. Өзіңіз де фильмнің алған асуы мен жеткен жетістігінің куәгері болып келесіз. IMDB нәтижесі бойынша, "Сумерки" – интернетте ең көп сұралатын 5 фильмнің қатарына енеді, фильм онлайн-сервистер бойынша 15 миллион рет қаралған.
Назарларыңызға "Сумерки" фильмі және оның кейіпкерлері туралы қызықты мәліметтерді ұсынамыз:
Соңғы жылдары туристер тарапынан"Сумерки" фильмі түсірілген Форкс қаласына деген сұраныс күрт артып отыр. Жалпы, фильм жарыққа шыққаннан кейін қалашыққа келетіндер саны 7 есеге артып кеткен. Форкстағы адамдар ең көп баратын ең өтімді орындар мыналар:
1. Каллендар отбасының үйі. Сіз бұл үйге кіріп көріп қана қоймай, бөлмені жалға ала аласыз. Мұндай қызметтың бағасы қымбат болғандығымен, жалға алатын адамдардың саны көп.
2. «Bella Italia» мейрамханасы. Бұл – Белла мен Эдвард түскі ас ішкен мейрамхана. Мейрамхананың атақ-дәрежесі фильммен бірге өсіп келеді, қожайындар да мұны ұтымды пайдаланып қалу үстінде. Мейрамхана ішінде сага тақырыбындағы көптеген ойын-сауықтарды көруге болады. Дәмхана атауы "Сумеркидің" басты кейіпкеріне байланысты берілмеген екен, бұл жәй ғана сәйкестік.
3. Белланың қызыл автокөлігі Форкс көшелерінің біріне қойылған.
4. Басты кейіпкерлер оқыған мектеп. Туристер мұнда сабақ жоқ кезде ғана кіре алады.
5. Ля-Пуш саябағы және оған жалғасқан жағалау.
6. Белланың әкесінің үйі. Үй жекеменшік мүлік болғандықтан туристер онда кіре алмайды.
7. Аурухана. Ол жерден Эдвардтың әкесінің машина қоятын орнын көруге болады.
"Сумеркидің" ең көп талқыланатын әрі жанкүйерлер аса жоғары қызығушылық танытқан кейіпкері – Эдвард Каллен. Көрерменнің Эдвардтың рөлінде Роберт Паттинсоннан басқа актерді елестете алмайтыны ақиқат. Шын мәнінде, Стефани Майер осы кітапты жазу барысында Генри Кавиллды елестеткен екен. Кастингке 5000 адам қатысқан. Кастинг финалына тек екі ғана актер шығады: Томас Старридж (Робертпен бір мектепте оқыған жақын досы) және Роберт Паттинсон. Роберт өзінің мықтылығының арқасында осы рөлге бекітіліп, бүкіл әлемге танымал болады.
Стефани Майер: "Эдвардтың рөліне актер таңдау ең қиыны болды. Оның бойында бәрі болуға тиіс. Ол сымбатты, қауіпті, мұңды, интелегентті болу керек. Көптеген жігіттер сымбатты болғандығымен қауіпті бола алмады. Ал басқасы – қауіпті, бірақ сұлу болмады. Роберт осының бәрін де бір бойына жинақтай білген актер" деген екен.
Ал Кристен Стюарттың ешбір қарсыласы болмаған. Ол рөлге бірінші болып бекітілді. Эмиль Хирш «В диких условиях» фильміндегі Кристеннің рөліне қатты риза болып, режиссерге Стюартты алуға кеңес болады. Ол осы рөлге бекітілгенге дейін кітапты оқымаған.
Розалидің рөліне Анна Линн Маккорд және Айшвария Рай қаралады. Айшвария кастингтен өткенімен Эметтің жанында кәрі болып көрінуден қорқып, рөлден бас тартады. Ол кезде актрисаның жасы 35-те болатын.
Шын мәнінде Кристеннің көзінің түсі жасыл болып келеді. Актриса фильм үшін қызыл қоңыр контактілі линза тағып жүруге мәжбүр болған.
Роберт Эдвардтың рөлін сомдап көру үшін Англиядан ұшып келеді. Алғаш рет Кристен Стюарт екеуі режиссер Кэтрин Хардвиктің керуетінде "Махаббат сахнасын" ойнайды. Көрген көздер Роберт пен Кристеннің арасындағы сезімдердің сол кезде-ақ тұтанғандығын айтады.
Роберт Эдвард образын сомдау үшін күн сайын шашын бояп, арнайы шаш үлгісін жасатады және көзінің түсі көк болғандықтан қызыл қоңыр линза киеді. Ол бір сұхббатында танымал болғанға дейінгі ең бір сағынатыным – музыкалық барларға шығып ақша таба алмайтындығым деген екен. Паттинсонның сүйікті ермегі – кітап оқу. Сезімтал қанішер музыка тыңдағанда көзіне жас алатындығын мойындаған.
Күндердің күнінде киім тігуші шеберлердің бірі Робертке "мұндай денемен әйелдің рөлін сомдағаныңыз дұрыс" деген екен. Осы сөз сүйекке өткендіктен Роберт өзіне жеке тренер жалдайды.
Мелиса Розенберг пен Катрин Хардвик фильмге арналған сценарийді алты аптаның ішінде жазып бітірген.
"Сумеркиге" арналған саундтрек «Never Think» композициясын Роберт Паттинсонның өзі жазған.
Тэйлор Лотнер (Джейк) мен эшли Грин (Элис) фильм барысында жасанды шаш (парик) киеді.
Кітап авторы Стефани Майер фильмнен көрініп қалады. Ол Белла мен әкесі тамақтануға келген дәмханада кофе ішіп отырады.
Чарли рөлін сомдаған Билли Бурк мұрт қоюды өзі шешеді.
Кристен Стюарттың көйлегі бар болғаны 20 доллар тұрса, Роберт Паттинсонның костюмі – фильмдегі ең қымбат дүниелердің бірі болды.
Жас жұбайлардың бал айлары өткен Бразилиялық вилла ниет білдіргендерге жалға беріледі. Қарапайым күндері оның бағасы жеті мың доллар болса, мереке күндері әлдеқайда қымбат болады.
"Сумеркидің" АҚШ-тағы көрермендерінің 80%-ы – әйелдер екен. Жалпы көрермендердің басым көпшілігі 21 жастан асқандар саналады.
Дизайнер Альфред Анджелның қолынан шыққан Белланың той көйлегінің көшірмесі 799 долларға сатылады.
Белланың жүктілік кезіндегі жүдеген қалпын көрсету үшін арнайы қуыршақ жасалады.
Фильмге арналған киімдердің дизайнері – Венди Чак есімді аустралиялық маман.
"Сумеркидің" 50 жастағы жанкүйері Кэти Уорд өз арқасына сүйікті кейіпкерлерін салу үшін 48 сағат пен 6 мың доллар жұмсаған. Миллиондаған жүректерді жаулаған "Сумерки" әлі күнге дейін өзінің мәртебесін жоғалтпай келеді және бұл үрдістің ғасырлар бойы жалғасатындығына үмітіміз мол.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Суреттер: nevidumka.blogspot.com, ulishnablog.ru