“Жастар Парламенті” аталатын Назарбаев Университеті студенттік ұйымының ұйымдастыруымен 2016 жылы 19 қараша күні Назарбаев Университетінің кинотеатрында студенттер арасындағы дәстүрлі Annual Student Film Festival 2016 өтті.
Осы жылы дәстүрлі студенттер кинофестивалі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
Кинофестивальде студенттер режиссерлігімен түсірілген 10 қысқаметражды фильм көрсетілді. Жас режиссерлер өз туындыларында парақорлық, толеранттылық, Отанға деген сүйіспеншілік, қоғамдық теңсіздік т.б. секілді маңызды тақырыптарды қозғаған.
Кинофестиваль, әдеттегідей, қызыл кілем мен фотосессиядан басталды. Кейін Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу бастаған топ кинотеардың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Фестивальдің негізгі бағдарламасы фильмдерді тамашалау мен аталмыш университеттегі дарынды жастардың өнерін тамашалау болды. Ұлттық аспаптар оркестрі қазіргі заманауи фильмдердің атақты композицияларын орындады. Назарбаев Университетінің түлегі және Дауыс конкурсының қатысушысы – Нұрсұлтан Есенқұл да өз өнерімен тамсандырды. Nazarbayev University Dance Club биі де көпшіліктің көңілінен шықты.
Әділқазылар алқасы құрамында Ләззат Көккөзова, Майра Икматова, Данияр Алшинов, Айзатулла Хусейн, Жандос Тунгышбаев, Олжас Беилов, Аида Ашимова сынды Қазақстан кино өндірісі мен медиа кеңістігінің белді өкілдері болды.
Нәтиже бойынша:
Ең үздік режиссер – Дулат Есназар, “SABAQ” фильмі.
Ең үздік оператор – Ерлік Ағжанов, “Employeer” фильмі.
Ең үздік монтаж – Дария Кассыбаева, “Казахстан: слышать, видеть” фильмі.
Ең үздік сценарий – Сапарғали Сұрағанов, “SABAQ” фильмі.
Ең үздік актер – Асқарбек Пазылбек, “Round” фильмі.
Ең үздік актриса – Айгерім Кенжебекова, “SABAQ” фильмі.
Көрермен көзайымы – Cанатжан Аймұхамбетов, “Моя Родина” фильмі.