2008 жылы режиссер Рүстем Әбдірашев «Сталинге сыйлық» атты кезекті фильмін жұртшылық назарына ұсынды. Алғашқы көрсетілімнен бастап, фильм кеңінен танылып, баспасөз беттері төл туынды жайлы жарыса жазды. «Сталинге сыйлық» отандық қана емес, шетелдік көрермендердің назарына ілініп, жүректерін жаулап алды. Фильм бірқатар халықаралық фестивальдер мен байқауларда көрсетіліп, жүлделі орындарға ие болды.
Фильм желісі Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдарда болған ауыр оқиғаларға негізделген. Жер аудару. Сталинның 70 жылдық мерейтойы. Қазақ жеріндегі кеңестік атом бомбасының алғашқы сынағы. Кеңес үкіметі жер аударған мыңдаған адам тиелген вагондар қазақ даласымен жол жүріп келе жатады. Еш мүлік, азықсыз қазақ ауылына келген әрбір азаматты жергілікті халық жат көрмей, қол ұшын созып, жәрдемдеседі. Ал вагон ішінде, яғни жолда қаза тапқандарды кезекті станцияда түсіріп жатқан кезде теміржол қараушысы Қасым мүрделердің арасынан тірі жатқан баланы тауып алады. Баланы өзгелерден жасырып, ауылына алып кетіп, бауырына басады. Еврей ұлтының баласы бес жасар Саша жақындарынан айырылған, жалғыз басты Қасымды «Ата» деп кетеді. Сашаға атасы Сабыр деп ат қояды. Сабыр балақай қазақ тілін үйреніп, қазақ әндерін орындайды. Газет бетінен Сталинге сыйлық жасауға болатынын оқыған ол өзінің Кипяток атты лағын сый қылып беріп, есесіне әке-шешесін темір тордан босатуын сұрайды. Қасым ата Сабырды оған өз атасы тапсырып кеткен жеке заттарды беріп, жолға дайындайды. Сабырдың әке-шешесі бейнеленген фотосурет артында жазылған Ресей еліндегі туысқандарының мекен-жайын айтып, Сабырды пойызға отырғызып жібереді. Көп ұзамай, 1949 жылы 29 тамызда Қасым ата ауылының маңында алғашқы атомдық бомба жарылысы өтіп, ол Сталин мерейтойына жасалынған сыйлық болады. Араға жылдар салып Сабыр Иерусалимге сапар шегіп, өзін аман алып, бауырына басқан қазақтың ауылына келеді.
Фильм идеясының авторы – белгілі актер Меңтай Өтепбергенов. Ол жүрген жерінде өз ойын айтып жүреді екен. Мәскеуден Павел Финнді шақыртып, сценарий жазғызады. Сценарийді Павел Финн өзінің және израильдік жазушы Давид Маркиштің естеліктері бойынша жазып шыққан. Алайда, қаражат мәселесі оң шешімін таппағандықтан, дайын сценарий сөреде қалып, шаң басып жатады. Кейін продюсер Әлия Увальжанова фильмге қызығушылық танытып, қаржы көзін іздестіре бастайды. Осы кезде Борис Чердабаев сценарийді қарап шығып, барлық шығынын өз мойнына алады. Қаржы мәселесі шешілген соң, фильмді түсіру жұмыстары режиссер Рүстем Әбдірашевке тапсырылады.
Өз кезегінде режиссер алып туындыны дүниеге әкелді. Бір ғана қазақ ауылындағы оқиғаны суреттей отырып, ол күллі қазақ даласының қонақжайлылығы мен кең пейілділігін көрсете алды.
Басты кейіпкер Қасым ата рөлін Нұржұман Ықтымбаев, Бала Сабыр рөлін Дәлен Шынтеміров сомдайды. Ал Сабырдың есейген кезін сценарий жазуға ат салысқан жазушы Давид Маркиш ойнады. Сондай-ақ, фильмде Бақтияр Қожа, Екатерина Редникова, Вальдемар Шчепаняк, Александр Баширов, Ерболат Тоғызақов, Самат Мырзаханов т.с.с. актерлер бой көрсетеді.
Қазақ қай кезде болмасын келген қонақтың жай-күйі мен тыныс-тіршілігінен хабардар болмастан, оған сый көрсетіп, төрге отырғызған. Фильмде адамдар арасындағы қилы әрі қатал қарым-қатынастар суреттеледі. Қазақ жеріндегі ұлттар достастығы кеңінен дәріптеліп, күллі қазақ халқының дархандылығы көрініс табады.
Суреттер: lechaim.ru, stolik.org
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/Qr-3HF0RUJw?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});