- Негізгі бет
- Кино
- Спойлер фильм кассасын...
Спойлер фильм кассасын арттыратын болып шықты
Хьюстон университетінің ғалымдары спойлердің фильм кассасына қаншалықты зиян екенін анықтау үшін арнайы зерттеу жасады. Нәтижесі көптеген режиссер мен продюсердің сыншылар мен қарапайым көрермендерге қоятын талабының негізсіз екенін көрсеткен.
Яғни, фильмді бірінші болып көрген адамдар оған шолу жасағанда туындының сюжетін егжей-тегжейлі талдаса, касса жинау мүмкіндігі төмендейді деген тұжырым жалған болып шықты. Осыған дейін продюсерлер бәрін оқып алған адамның киноға барғысы келмейді (мысалы, Куентин Тарантино "Күндердің бір күнінде Голливудта" атты фильмін ұсынарда сыншылар мен журналистерге спойлер жасауға қатаң тыйым салған еді) дегенге сеніп келді.
Сонымен, зерттеушілер АҚШ-та 2013 жылғы қаңтар мен 2017 жылғы желтоқсан аралығында прокатқа шыққан фильмдердің касса түбіртектерін қарай отырып, оларды IMDb платформасында жасалған шолулармен салыстырған. Нәтижесінде, спойлерлер кассаны көбейтуге көмектескені анықталған.
Зерттеу авторларының бірі көрермен фильмнің сапасына күмәнданған жағдайда (фильм рейтингі орташа болған кезде) спойлерлерге көбірек мән беретінін айтады. Дәл осы нәрсе шектеулі прокатқа шығатын арт-хаус фильмдерге де қатысты. Яғни, спойлер кинотеатрға баруға итермелеуші фактор бола алады.
Т. Раушанұлы