Спорт тақырыбындағы үздік кәріс фильмдері

Ешнәрсе де дәл спорт сияқты жеңіске деген құштарлықты арттырып, жігерді шыңдай алмайды. Спорт "майданында" ғана күшті қақтығыстар орын алады. Сол себепті спорт туралы кино жанры пайда болғаннан бері оның танымалдығы бір сәтке де төмендеген емес. 

Спорттық фильмдер адамның арманы асқақ болса, оған барлық есіктер ашық екенін және оған ештеңе кедергі бола алмайтынын дәлелдейді. Бүгін назарыңызға спорт туралы Оңтүстік Кореялық фильмдер топтамасын ұсынамыз.

Соққы/ Wan-deuk-i/ Удар (2011)
Жанр: отбасылық драма, спорт
Режиссер: Ли Хан 

То Ван Дук — болашағынан үміт аз, бүкіл әлемге ызалы мектеп оқушысы. Анасы бала кезінде оны тастап кеткен, әкесі болса денсаулығына байланысты үйде отыруға мәжбүр, мектепте де оны қызықтыратын ешнәрсе жоқ. Оның қолынан келетіні — тек күресу. Бірақ Ван Дук танымал болу арқылы анасымен қайта жүздесу мүмкіндігі барын түсінгенде, өзін қолға алады. Үздіксіз жаттығады. "Соққы" — бұл спорттың адам өміріндегі рөлін түсіндіретін әсерлі драма: кейіпкер үшін жаттығу залы өзін-өзі тану мен айналадағы шындыққа мойынсұну кеңістігіне айналады.

Қолғап / Geulreobeu / Перчатка (2011)
Жанр: драма, спорт
Режиссер: Кан Ву Шек

Кәсіби бейсболшы Ким Саң Нам ашушаң, ызақор әрі төбелеске құмар. Құқық бұзушылықтардың бірінен кейін, клуб басшылығы оның деңгейіне қарамастан ауылды аймаққа жіберуге шешім қабылдайды. Жаза ретінде ол саңырау тұрғындарды жаттықтыруы тиіс еді. Қырсық Саң Нам жастарды жаттықтырып, оларға жеңіс сыйлауды мақсат тұтады. Өз-өзін басқаруды да үйренеді. 

Демалмастан /Nobeureshing /Не дыша (2013)
Жанр:
мелодрама, спорт
Режиссер: Чо Иоң Сеон

Фильм спорт мектебінің жаттақханасына қатар орналасып, бір бөлмеге тап болған Уон Ил мен У Сан есімді екі жүзгіштердің оқиғасын баяндайды. Бірінші спортшының тәртібінде мәселе бар, спортшы әкесінің арманын орындау үшін ғана тер төгіп жүр. Ал екіншісінің әкесі бай адамдардың бірі. Ол ең мықты жаттықтырушыларды жалдай алады. Фильм спорттан бөлек, спортшылардың өмірін көрсетеді. Ата-анамен қарым-қатынас та баяндалады. 

Корея /Korea (2012)
Жанр: драма, спорт
Режиссер: Мун Хен Сон

1991 жылы Жапонияда өткен теннистен әлем чемпионатына қатысу үшін Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның спортшылары бірігеді. Режиссер Мун Хён Сон тек спорттың күшін ғана емес, күрделі жағдай байланыстырған жастардың арасындағы достықты баяндайды. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын, сөйте тұра қатты ұқсайтын адамдардың қарым-қатынасы сөз етіледі. 

Марафон / Marathon (2005)
Жанр: биография, спорт, драма
Режиссер: Юн Чхоль Юң

Аутизм дертіне шалдыққан марафон жүгірушісі Бэ Хён Чжиннің өмірбаяны негізінде түсірілген. Өзгелермен тіл табысуы қиын оның бар қызығушылығы зебралар, тәтті бәліштер мен жүгіру еді. Ұлының бойындағы спортқа деген қызығушылықты байқаған анасы жаттықтыратын адам іздеуге бел буады. Осылайша ол қарттық шағын ішімдікпен байланыстырған, жас кезінде марафон чемпионы атанған Чжан Укпен танысады. Марафон фильмі Оңтүстік Кореядағы ең танымал фильмдердің қатарына кіреді. Сонымен қатар кассалық фильм ретінде бесінші орынға ие.