- Негізгі бет
- Кино
- Сплит: Жалғыз жүрек...
Сплит: Жалғыз жүрек – жүз болмыс
“Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” заманда жалғыздық шырмауында қалған жұдырықтай жүректер. Өркениетке қол созып, даму мен жаһанданудың табалдырығын аттағанда эйфория кешкен жүрегіңнің уақыт өте жұбатар жан таба алмай арпалысарын біліп пе ең, адамзат?! Байғұс, адамзат...
“Мен барша жаратылыс бір орталыққа қарай қозғалады деп ойлаймын. Ақиқат – сол нүктеде” - дейтін М.Найт Шьямаланның жаңа SPLIT ("Шытынау") аталатын фильмі де осындай толғамдар нәтижесінде туындаса керек.
Жерде тіршілік пайда болғаннан бері келіп-кетіп жатқан адамдар... Қай ғасыр, қай дәуірде дүниеге келсе де, олардың бірі өмір мәнін, екіншісі Тәңір, енді бірі өзін іздеп әлек.
Пендеге тән осалдығын өзгеден жасырамын деп өзін-өзі алдаған XXI ғасырдың “рухы күшті” адамдары бұл сұрақтардың жауабын жалғыз іздеуге мәжбүр.
Бір-бірін қоршаған миллиондар. Бірақ ол кешкен күй өзгеге таңсық. Адамзат тарихында дәл өзіндей сезімтал пенде болған емес. Оны ешкім түсінбейді. Есіксіз, терезесіз тар қапасқа қамала береді. Сол түнекте отырған сайын бұл ойлар миына бекіп, олардың дұрыс екеніне сенімі арта түседі.
SPLIT фильміндегі Кевин де сол қапаста. О бастан өзіндей жаратылыс иелерінің ортасында өмір сүруге жаралған пенде дос, сыңар, сырлас іздейді. Бұл – заңдылық. Босағасына адам ізі түспеген мекеннен кімді тапсын? Сондықтан жалғыз жүректе жүз болмыс пайда болады.
Шьямаланның Кевинінде 23 болмыс, 24-шісі жуырда пайда болмақ. Фильм барысында режиссер олардың тек 4-еуін ғана көрсетуді жөн көрген. Сіз ойлағаннан аз болса да, олар өзара айтарлықтай контрастты болмыстар. Бір қызығы, Кевиннің бойындағы 24 болмыс тек ақыл-есінің деңгейінде ғана емес, физикалық дене-бітім ерекшеліктерінен де байқалады. Яғни, болмыстар ауысқан сәтте, мидан жіберілген сигналдар адамға химиялық әсерін тигізеді.
Шектеулі жағдайда түсірілген фильмнің бір ғана нысаны бар. Ол – Кевин. Бұл кейіпкердің рөлін сомдаған Джеймс МакЭвойдың шеберлігінде мін жоқ. Актерлік харизма кинозалды тесіп өтердей. Оның күшті де мысы басым Денисінен сескеніп, барша әйел жұртына сай мінезі құбылмалы Патрисиясын ұға алмай, аңғал Хедвигінің қылықтарына сүйсініп, шығармашылық адамына тән қасиеттерді бойына жиған Барридің оптимизмге толы жымиысына еріп кетесіз. Алғашында Хоакин Феникс сомдамақ болған рөл Джеймс МакЭвойдің оң жамбасына сай келген. Тіпті, жоғары деңгейдегі моноспектакль десек те болады.
Бірақ Аня Тейлор-Джойдың мистикалық келбеті мен су перісіндей сүйкімді бола тұра, жүректі тесіп өтердей өткір әрі сұсты көзқарасын айтпай кету мүмкін емес. Оның еліктей нәзіктігі мен әлсіздігіне алданып, жанына жақындай бергенде қылыш сұғып алардай әсерде боласың. Ертегі елінде ғана мекен ететіндей көрінетін Аняның кейіпкері Кейсиден көз ала алмайсың.
Кевин мен Кейсидің өмірінен параллель көрсете келе қос кейіпкердің де қалыптасуына балалық шақтың әсері барын айтқысы келген автордан фрейдтік ілімге іштарту барын байқайсың. Фрейдтің “Барша ересек адам мәселелері – оның бала кезінде көргенінің нәтижесі” - деген пікіріне кеп тоқтайды.
Мистификацияға тұнық туындылар авторының бұл фильмі де әдеттегідей өзіне қойған сұрақтарға тұнып тұр. Ал жауап жоқ.
Сыншылар “the film without worth ending” (без достойного конца) деген пікірлеріне келісе алмаймын. Соңы болуға тиісті емес. Себебі, сұраққа жауап жоқ. Бітпейтін жауабы жоқ сұрақтар.
P.S. 2 сағатқа созылатын фильм еш жалықтырмайды. Көрермен өзін 2 сағат бойы тірі адамдай сезінеді. Бастан-аяқ suspense, белгісіздік, мазасыздық, үрей, үміт.
А. Оралқызы