- Негізгі бет
- Кино
- Соррентиноның жаңа фильмі...
Соррентиноның жаңа фильмі Берлускониге арналады
Ғаламторда Паоло Соррентиноның жаңа фильмінің тизері пайда болды. Loro деген атауға ие болған картина Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконидің өміріне арналған.
Соррентино осы бағыттағы фильм түсіргелі жатқанын 2016 жылдың қараша айында хабарлаған болатын. Ол кезде атақты режиссердің Рим папасы туралы «Жас Папа» телехикаясы Венеция кинофестивалінде үлкен жетістікке қол жеткізген болатын.
Ол белгілі саясаткер өмірінен сыр шертетін туындыға сценарий жазудың оңайға түспегенін айтты. Дегенмен, Феллинидің классикаға айналған «Тәтті өміріне» өзіндік көзқарастағы «Ұлы сұлулық» картинасын ұтымды шығарғанын айтпағанның өзінде, көптеген жүлделерді қанжығасына байлап жүрген Соррентино бұл картинаны да әдемі алып шығарына кино сүйер қауым сенеді.
Тизерде біреу: «Сіз премьер-министр әрі елдегі ең бай адам болсаңыз, жұрттың бәрі сізді жақсы көруге тиісті деп ойлап па едіңіз?» - деген сұрақ қояды. Оған берген Берлусконидің жауабы: «Иа, солай боларына сенгем». Сірә, фильм сюжеті де Берлусконидің осы мінезін негізге ала отырып жазылса керек.
Соррентино сценарийді әдеттегідей Умберто Контарелломен бірлесе жазған. Басты рөлді актер Тони Сервилло сомдайды.
А. Оралқызы