- Негізгі бет
- Кино
- "Соққыны байқа" фильмінің...
"Соққыны байқа" фильмінің арнайы көрсетілімі өтті
4 қыркүйек күні Meloman компаниясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы Chaplin MEGA RealD кинотеатрында режиссер Ара Оганесянның "Соққыны байқа" атты фильмінің арнайы көрсетілімі өтті,– деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Режиссер: Ара Оганесян
Рөлдерде: Екатерина Владимирова, Михаил Пореченков, Игорь Верник, Ольга Бузова, Настасья Самбурская, Даниил Вахрушев, Виктор Хориняк, Теймураз Тания, Анна Цуканова, Виталий Гогунский.
Кеше ғана Қазақстанда жабық көрсетілімі өткен Араик Оганесянның «Соққыны байқа» («Держи удар, детка») фильмінің сценарийін Леонид Марголин жазған. Фильмде баяндалатын оқиғаның негізгі кейіпкерлері – Света және Таня есімді егіз қыздар. Олар егіз болғанымен, мінездері мен қызығушылықтары мүлдем бөлек. Света атақты журналист болуды қаласа, Таня бокстан Ресей құрамасына енуді армандайды. Боксшы қыз кезекті спарингте жарақат алғанына байланысты егіздер уақытша орын алмасуға бел буады. Енді Света Таняның орнына медициналық тексерістен өтіп, жаттығу залына баруы керек, ал Таня журналист сыңарының орнына телеарнада тәжірибеден өтуіге міндетті.
Фильмде егіз апалы-сіңлілерді актриса Екатерина Владимирова сомдап шыққан. Кино өндірісіне жаңа аяқ басқан дебютант актрисаның басты кейіпкерді сомдау барысындағы жіберген кемшіліктеріне кешіріммен қарауға болады.
Жалпы, бір актер егіз екі адамды сомдағанын түсіру қаншалықты қиын болатынын ескерсек, армян режиссері кейіпкерлерді бірге көрсететін кадрларды әдемі жеткізе білген. Толық құрам таңдау барысында да бұрыннан комедия жанры арқылы Ресей мен ТМД елдерінің сүйіктілеріне айналған актерлерді таңдау арқылы өзінің ұтымды қадам жасағанын дәлелдейді. Олардың қатарында Михаил Пореченков, Константин Крюков, Игорь Верник, Настасья Самбурская, Даниил Вахрушев, Анна Цуканова-Котт, Юлия Такшина, Сергей Белоголовцев және т.б. бар. Ал, соңында бокстан әлем чемпионы Рой Джонстың бой көрсетуі фильмнің тұздығы болғандай.
Көңілді ырғақтағы комедиялық фильмде әке мен қыздарының, егіздердің бір-біріне деген қатынасынан бөлек, достық, махаббат, арманға жету жолындағы табандылық жеңіл жеткізілген, оқырманды тұңғиыққа батырмай, керісінше, қанаттандырады. Күнделікті өмірдегі күйбеңнен бір сәт алыстап, күліп қайтқыңыз келсе Араик Оганесянның «Соққыны байқа» фильмін көруді ұсынамын. Жаңа фильмді көру барысында аса талапшыл көрерменнің өзі кемшіліктерге көз жұмып, жай ғана көтеріңкі көңіл күйдегі көршілерінің өмірін тамашалап отырғандай жайбарақат дем алып келетініне сенімдімін.
А. Оралқызы