- Негізгі бет
- Кино
- Соғыс туралы соғыссыз,...
Соғыс туралы соғыссыз, сезім туралы сезімсіз фильм
28 қараша күні Good Cinema компаниясы және "Kinopark" кинотеатрлар желісі ұйымдастыруымен Алматы қаласы, Kinopark 11 Esentai IMAX кинотеатрында режиссер Роберт Земекистің "Одақтастар" атты фильмінің арнайы көрсетілімі өтті,–деп хабарлайды Massaget.kz сайтының тілшісі.
Стивен Найттың сценарийі бойынша Роберт Земекис түсірген “Одақтастар” - визуалды эстетикасы жағынан өте әдемі фильм. Бұл тұрғыдан әрлеушілер мен стилистер жұмысын атап өтпеу мүмкін емес. Трейлерін тамашалап, аталмыш фильмді көремін деген шешім қабылдауға да осы көркем суреткерлік алғашқы түрткі болары анық. Ал, фильм трейлері “уәде бергендей” соншалықты керемет пе?!
Фильмнің оқиғасы 1942 жылғы Солтүстік Африкадағы шөл дала пейзажының сиқырын бейнелеген поэтикалық кадрдан басталады. Бред Питтің сомдауындағы канадалық барлау қызметінің офицері Макс Ватан (тегі “Отан” деген мағынада) алғаш рет актриса Марион Котийяр кейіпкері Марианн Босежурмен жолығады. Алғашқы сәттен-ақ екеуінің арасында сезім ұшқыны пайда болып, арнайы тапсырма сәтті аяқталған соң, Лондонға барып үйленеді. Араға жыл салып, "Жұбайың неміс шпионы болуы мүмкін" деген сөз бақытты отбасылық өмірдің шырқын бұзып, бас кейіпкердің жан тыныштығын ұрлайды. Бұл оқиға – фильмнің негізгі шиеленіскен тұсы.
Әдетте фильмнің кульминациялық сәті алғашқы 20 минутта белгілі болып, одан кейінгісі соның негізінде өрбіп отырушы еді. Ал, Земекистің жаңа фильмінде оған жеткенше көрермен зарығып тынады. Өйткені, алғашқы 1 сағат бойы құдды бір махаббат туралы ұза-а-ақ клип көргендей әсерде боласын. Жай ғана талай әннің видео нұсқасына арқау болған ең атақты қылмыскер жұп Бонни мен Клайдтың тағдырынан сыр шертетін кезекті клип секілді. Айырмашылығы – Голливудтық деңгей.
Әскери барлаушылар немесе соғыс туралы фильм деуге аузың бармайды. Соғыстың жаңғырығы еміс-еміс. Тіпті мүлдем жоқ. Аталмыш категорияға жататын фильмді көргенде, көрермен өзінің байқампаздығын сынап, фильмнен соң пайымдауларының не қате, не дұрыс екеніне көз жеткізуші еді. Кино тамалашалаушы қауымның көкейін ойлар мазалап, сол соғыстың ортасында жүргендей туындымен етене байланыста болатын. “Одақтастарда” барлаушы туралы фильмдерге сай шиеленіскен интриганың ұтымсыз баламасы ғана. Соғыс тақырыбындағы киноға қатысты настольгиялық күй кешушілерге аталмыш жаңа туындыдан гөрі, ескі ресейлік “классикаға” айналып үлгерген фильмдерге жетері жоқ.
Ойнау шеберлігіне келетін болсақ, актерлер оқиға желісінің тетігі болған “кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін” шын махаббатқа сендіре алмады. Тек қос ғашықты ғана көрсететін 2 сағаттық фильмнің бір ғана кадры олардың бір-біріне деген нәзік сезімін жеткізгендей болды. Ол – үйлену тойындағы толған қонақтың ішінде жаңа ғана шаңырақ көтерген жас жұбайлардың тұңғиық көзқарасы, үнсіз тілдесуі. Миллиондаған адамдардың ішінде тек екеудің өзгеге беймәлім әлемі болатынын шебер кестелеген. Осы сезімге толы кадрда да, жалпы фильмде де атағы жер жаратын Бред Питтке қарағанда, жанындағы серіктесі Марион Котийяр – әлдеқайда әсерлі, әлдеқайда шебер.
Ендігі мәселе – оқиға желісінің осалдығы. Фильмнің алғашқы бөлігінде айрықша қабілетімен танылған Марианн Босежур нацистік бопсалауға қалайша оңай көне қойды? Оның үстіне арнайы тапсырма орындауда теңдесі жоқ барлаушы Макс Ватан жұбайының неміс тыңшысы екенін қалай аңғармаған? Ұтымды барлаушылық фильмдер көруге дағдыланған азуы өткір көрермендердің мұндай түсініспеушіліктерге көз жұмуына фильмнің көз тоймас көркемдігі көмектесе алар ма екен?
А. Оралқызы