- Негізгі бет
- Кино
- Шынайы оқиғаға негізделген...
Шынайы оқиғаға негізделген 5 фильм
Күйбең тіршіліктің қамымен зыр жүгіріп жүрген кезде, уақыт зулап, қыстың аязды күндері де келіп жетті. Дәл осындай уақыттарда қызықты кино көргенге не жетсін?! Әрине, бос уақытыңыз болса. Ендеше, біз демалыс күндеріңізде арнайы уақыт бөліп көруге тұрарлық, шынайы оқиғаға негізделген, қызықты кинолар тізімін ұсынамыз.
"Қатардағы рРйанды құтқару" ("Спасти рядового Райана") – 1998 жыл
Стивен Спилбергтің «Қатардағы Райанды құтқару» әскери драмасы – шынайы оқиғаға негізделген үздік фильмдердің бірі. Көркем фильм 1999 жылы екі бірдей «Алтын глобус» сыйлығының лауреаты атанды. Джо Милнер есімді капитанға аса қиын тапсырма жүктеледі. Ол қатардағы Джеймс Райанды іздестіру үшін 8 солдатты отрядымен жау жеріне аттануы тиіс. Бұл сапарда отрядқа ұзақ әрі қорқынышты кезеңдерді бастан кешуге тура келеді.
"Бақыттың жолында" ("В погоне за счастьем") – 2006 жыл
Бақыттың жолында – шынайы оқиғаға негізделген биографиялық (өмірбаяндық) драма. «Кинопоиск» нұсқасы бойынша топ 250-ліктің қатарынан орын алады. Басты кейіпкердің рөліндегі Крис Гарднер – жалғызбасты әке ұлын тәрбиелеп, болашағының жарқын болғанын қалайды. Бірақ дәл қазіргі табысы оған мүмкіндік бермейтін. Нәтижесінде Крис жалғыз ұлымен үй-күйсіз қалады. Ол барлық қиындықтарға мойын ұсынбай, мүмкіндігі мол деп есептелетін делдалдық компанияға жұмысқа орналасады. Бір кемшілігі, сынақ мерзімінің жарты жыл уақытты құрауы және ешқандай ақы төленбеуі болатын. Басты кейіпкеріміз қалтасында көк тиыны болмай, жалғыз ұлымен жай-күйсіз жүре тұра осыншама ауыртпалықтарға төтеп бере ала ма, әлде ез болып ел кезіп кетеме?
"Ояну" ("Пробуждение") – 1990 жыл
Пенни Маршалдың «Ояну» драмасы жоғарыда аталған «Кинопоиск» рейтингісінің 36-шы сатысына табан тіреген. Кинотуынды «Оскар» сыйлығына үш рет ұсынылды. Таңдаулы дәрігер Малколм Сэйер сал ауруына (акинетический мутизм) қарсы дәрі ойлап таппақшы. Дәрі ойлап табу тәжірибесінің жүзеге асқанына көзі жеткен дәрігер әрі қарай да осы ауруға шалдыққандарды емдеу ісімен айналысқанды жөн көреді.
"Қолыңнан келсе, ұстап көр" ("Поймай меня если сможешь") – 2002 жыл
Стивен Спилбергтің қылмыстық драмасы «Кинопоискта» 24 орынды иеленіп, «Оскар» сыйлығына екі рет ұсынылды. Басты рөлді Леонардо ДиКаприо сомдайды. 21 жыл бойы Фрэнк Эбегнейл жалған түбіртектің көмегімен көптеген мамандықта жұмыс істеп көрді. Ол жақын арада осы заңсыз әрекеттерінің арқасында ең ауқатты адамдардың қатарына қосылмақ. Соңынан ФБР агенті Хэнретти ілесіп келеді. Дегенмен Фрэнк өзінің құйтырқы әрекеттерімен оның жолын әр кез кесіп өтуде...
"1+1" – 2011 жыл
Кезек үздік фильмге де келіп жетті. Бай-қуатты ақсүйек Филлип қайғылы оқиғадан кейін кемтар хәлге душар болады. Қандай да бір әрекет жасаудан тиылады. Өзіне барлық жағынан демеу болатын көмекші іздейді. Оған еңбек биржасы Дрисс есімді қара нәсілді жігітті жолдайды. Ал, оның бар көздегені – байлық болатын. Бірақ Филлипке оның өмірге деген құштарлығы ұнайды. Осылайша Дрисс ақсүйектің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. Кейіпкерлер арасында нағыз достық орнайды. Одан әрі олардың өмірі мүлде басқа арнаға түседі.
Дереккөз: zhasatyrau.kz
Ж. Жұмағұлов