- Негізгі бет
- Кино
- Шымшық Джектің кезекті...
Шымшық Джектің кезекті шытырманы
Кеше Алматыда "Кариб теңізінің қарақшылары: Өлілер ертегі айтпайды" ("Pirates of the Caribbean: Dead Men Tell No Tales") фильмінің жабық көрсетілімі өтті.
"Кариб теңізінің қарақшылары: Өлілер ертегі айтпайды" – шытырман оқиғалы фильмдер желісінің бесінші бөлімі. Туындының осыған дейін "Қара маржан қарғысы" (2003), "Өлінің сандығы" (2006), "Жаһанның шегінде"(2007), "Бейтаныс жағалауда" (2011) деген бөлімдері көрермен назарына ұсынылған болатын.
Хоаким Роннинг пен Эспен Сандберг режиссерлік еткен фильм оқиғасы әдеттегідей аты аңызға айналған Шымшық Джектің айналасында өрбиді. Өзінің ескі жауы – Капитан Салазар мен оның елеске айналған сарбаздары "Шайтанның үшкілінен" қашып шыққаннан кейін, Джектің бұрынғы тыныштығы бұзылып, өміріне үлкен қауіп төнеді. Кек қуған испаниялықтан құтылу үшін ол Уилл Тернердің ұлы Генри Тернер мен қуғында жүрген Карина Смиттің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Үшеуі бірігіп, Джошами Гибс бастаған бір топ пиратты ертіп, Посейдонның ашасын іздеуге шығады. Алған бағыттарына жетпестен теңізде жүріп талай қызыққа тап болған оларға жолай өз байлығын сақтап қалуды мақсат тұтқан Гектор Барбоза келіп қосылады. Осылайша әрқайсысы бір төбе – төртеуі бастаған бір топ теңіз қарақшылары еш картаға түспеген бейтаныс аралды табуға асығады. Асықпасқа шара жоқ. Әне-міне дегенше Капитан Салазар да келіп қалуы ықтимал.
Бір бөлімінен кейін екіншісі, одан кейін үшінші, төртінші бөлімдері шығып жататын фильмдер көп. Бәрі көрермен сұранысына орай жасалса керек. Дегенмен, үш бөлімнен кейін оқиға желісі бұрынғы тартымдылығын жоғалтып, туындылар өзінің о бастағы бағытынан жаңылып, қайталауға толы, іш пыстырарлық күйге еніп жатады. Ал, "Кариб теңізінің қарақшылары" ондайлардың қатарынан емес десек, қателеспеспіз. Көпшілік көрерменнің бесінші бөлімді асыға күткені де содан болар.
Туындыны 25 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан көре аласыздар!