"Шоушенктен қашу" қалай түсірілді?

"Шоушенктен қашу" қалай түсірілді?

Стивен Кингтің шығармасының желісі бойынша түсірілген «Жасыл миля» фильмі туралы жақынырақ білген болсақ, автордың тағы да бір туындысының желісімен экранизацияланған «Шоушенктен қашу» фильмі бүгінгі тақырыбымызға арқау болады. Стивен Кингтің айтуынша, бұл әңгіме балалық шағында түрме туралы көрген әртүрлі фильмдерінің шарықтау шегі екен.

Түсірілім Огайо штатындағы Мэнсфилд түзету колониясында өткен. Түрменің жағдайы өте нашар болғандықтан, қалпына келтіру үшін қыруар қаржы жұмсалады.

Стивен Кинг Фрэнкке өзінің шығармасына деген авторлық құқықты сатуға әзер дегенде келісім береді. Ол екеуін ұзақ жылдар бойғы достық байланыстырады. Бұл достық Кингтің «Бөлмедегі Леди» фильмі экранизацияланғаннан кейін басталған. Екеуі содан бері көріспесе де, хат жазысып тұрған көрінеді. Кездесу Фрэнктің «Шоушенктен қашу» шығармасына қызығушылық білдіргенінен кейін орын алады.

С.Кинг пен Ф.Дарабонт

Американың жануарларды қорғау жөніндегі қауымдастығы фильмдегі Брукс шалдың қарғасына байланысты үлкен сын білдіреді. Картинада құсты түскі ас кезінде басты қаһарманның тәрелкесінен табылған құртпен тамақтандыратын көрініс бар. Қауымдастық бұл жерде өзінің табиғи өлімімен опат болған құрттың қолданылуын талап етеді. Мұндай жәндік табылғаннан кейін дәл осы көрініс қайта түсіріледі.

Әрбір сауатты көрермен Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» романымен сәйкестіктерді байқайды. Сонымен қатар, фильмнің мәтінінде жазушының кітабы аталады. Дюманың кейіпкері де «Шоушенктен қашу» фильміндегідей ұзақ уақыт бойы тұтқынға алынып, қашып шығады да, осы батыл қадамының орнына үлкен байлыққа қол жеткізеді.

Томми Уильямстің рөлі бастапқыда Брэд Питт үшін жазылған екен.

Фрэнк Дарабонт «Шоушенктен қашу» фильмін Голливуд баспалдағына шығуда ерекше көмектескен агенті Аллен Гринге арнаған. Ол фильмнің шығуына аз қалғанда СПИД-пен байланысты аурудан қайтыс болады.

Түрме бастығы Нортон ыңылдап айтатын «Eine feste Burg ist unser Gott» әнұран «Ұлы қорған, бұл біздің Құдайымыз» деп аударылады.

Морган Фриманның құжатында көрсетілген жас кезіндегі сурет шын мәнінде өзінің ұлы Альфонсо Фриманның суреті екен. Айтпақшы, Альфонсо картинаның бірер эпизодында байқалып қалады.

«Шоушенктен қашу» алғаш шыққанда кинотеатрлардан қыруар қаржы жинай алмағанымен, видео үнтаспалар, DVD диск сатылымдары бойынша өте көп табысқа жетті.

Дюфрейн қашып бара жатып, канализациялық құбырды сындырады, сол кезде өте лас судың ағатыны байқалады. Алайда келесі кадрда, яғни, кейіпкер осы құбырмен сырғығанда ондай кірді байқай алмайсыз.

Фрэнк Дарабонттың сценарийі Стивен Кингтің басқа да туындыларын сәтті экранизациялаған режиссер Роб Райнерге қатты ұнайды. Ол осыған дейін «Менімен қал» драмасы мен «Болмашылар» психологиялық триллерін түсірген. Райнер материалға өте қатты қызығушылық білдіріп, Дарабонтқа 2,5 млн$ қаржы ұсынады. Дарабонт ұсыныс туралы ұзақ ойланып, соңында бас тартады. Ол үшін бұл жоба шын мәнінде ұлы бір нәрсе жасауға берілген мүмкіндік болды.

Түсірілім уақытысында режиссер Фрэнк Дарабонт әрбір жексенбі сайын Мартин Скорзестің «Сүйкімді жігіттер» фильмін көріп, шабыт алған екен.

Режиссер «Шоушенктен қашу» фильмінің сценарийін сегіз аптада жазып біткен.

Ал Фрэнк Дарабонт Дюфрейннің рөлін бірінші Том Хэнксқа ұсынады. Актер қызығушылық танытқанымен, «Форрест Гамп» жобасымен айналысып жүреді де, ұсынысты қабылдай алмайды. Есесіне, Том «Жасыл миля» фильмінде басты рөлді сомдайды.

Энди Дюфрейннің рөлі Кевин Костнерге де ұсынылған, алайда актер ұсыныстан бас тартады. Бірақ, кейін өкінгенін мойындаған.

Стивен Кингтің шығармасында Ред – ирландиялық болатын. Редтің рөлін қара нәсілді Морган Фриман экранизацияласа да: «Менің ирландиялық болғандығымнан шығар» деген ілікпе сөз қалдырылады.

Мэнсфилд қаласының барлық тұрғыны жаппай көріністерге қатысуға құлшыныс білдірсе де, көп тұрғын жұмыстарына байланысты келе алмайды. Нәтижесінде түсірілім тобы жақын маңдағы қайырымдылық үйіндегі адамдарды әкелуге мәжбүр болады. Олардың көпшілігі бұрынғы түрмеде отырып шыққан адамдар екен.

Энди Дюфрейн револьверді оқтағанда немесе абақты қабырғасына өз есімін жазғанда көрінетін үлкен қол актердің емес, режиссер Фрэнк Дарабонттың қолы екен.

Редтің камерасының нөмірі – 237. Бұл сандар Стивен Кингтің бірнеше шығармасында кездеседі. Мәселен, 1980 жылы шыққан «Сәуле» фильмінде 237 – әйелдің елесі өмір сүретін бөлме екен. Сондай-ақ, «Менімен бірге қал», «Дене» фильмдерінде де осы сан кездесіп отырады.

Энди Дюфрейннің камерасынан Альберт Эйнштейннің портреті көрініп қалады. Бұл Дюфрейнді сомдаушы Тим Роббинстің қосымша Эйнштейн туралы «Ақылдының коэффиценті» романтикалық комедиясына түсіп жатқандығын білдіру үшін қолданылған.

Шоушенкке қамалғандардың ішінде Хейвуд және Флойд деген екеу бар. Бұл Артур Кларктің «Одиссейдің ғарышы» аталатын трилогиясына сілтеме. Онда да Хейвуд Флойд атты кейіпкер бар.

Мексикалық Зихуатанехо аталатын ғажайып мекен шын мәнінде бар. Бұл – Тынық мұхиты жағалауындағы мексикалық Герреро штатының туристік қаласы.

Стивен Кингтің шығармасында басты қаһарманның есімі – Энди Дюфресн. Фильм түсірушілер қаһарманның тегі жағымды шығу үшін өзгерткен секілді.

«Шоушенктен қашу» фильмі соңғы жылдары IMDb нұсқасы бойынша «ең үздік 250 фильмнің» ішінен және КиноПоиск сайтының қолданушыларының нұсқасы бойынша "ең үздік 250 фильмнің" арасынан бірінші орынды иемденіп жүр.

«Шоушенктен қашу» фильмінде Мэнсфилд колониясының бұрынғы бастығы Деннис Бейкер көрінеді. Ол түрме автобусында Томмидің артында отыратын қарт қылмыскердің рөлін сомдайды.

Қорытынды:

Фильмнің жарияланған бюджеті – 25 000  000$ 

АҚШ-тағы кинопрокаттан жиналған қаржы: 28 341 469$ 

Өндірушілер: "Касл-Рок Энтертэйнмент".

Тапсырыс берушілер: "Коламбия Пикчерс".

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: actors-info.com,film.ru,kinonews.ru