Шолу: Түңілткен "Түңілу"

2018 жылы Netflix стрим жүйесінде "Симпсондар" мен "Футурама" секілді атақты мультипликациялық сериалдарды өмір алып келген мультипликатор Мэтт Гроунингтің жаңа жобасы "Түңілу" (Disenchantment) жарыққа шыққан болатын. Көрермендер асыға күткенімен, сериал аса көңілден шыға қоймады. Бірақ, алғашқы 10 эпизодтан кейін сериалдың оқиға желісі әрі қарай қызықты өрбиді деген үміт болғанын жасырмаймыз. Өйткені, "Симсондар" да бірден табысқа ие болмады. Алғашқы 10 бөлімді маусым аяқталғаннан кейін, көрермендер екінші маусымды асыған күтті. "Көптің үмітін мойнына жүк еткен" 2-маусым қандай жаңалықтар алып келді? Бүгін бірге талқылайтын боламыз.

Сериалдың екінші маусымы еркетотай ханшайым Биннің басынан кешкен шытырманға толы оқиғаларын жалғастырады. Өзінің патшалығы Дримляндиядан кеткен ол анасының ит тірлігі туралы құпияны біліп қояды. Кейін өзін Люци атты серігімен бірге досы Эльфоны құтқаруға аттанады. Бастары қайта қосылған достарды тағы қауіп-қатер күтіп тұрған еді. 

"Түңілу" сериалының сценарий авторлары сюжеттердің құрылысын жасауда біртектіліктен гөрі, әртүрлі сюжет түрлерін байланыстыруға тырысқан. Бірде бөлімдер өтпелі сюжеттер арқылы, яғни оқиғаның не басы, не аяғы болмай байланысып, келесі бөлімге көшеді. Ал, кей бөлімде басты кейіпкерлердің қатысуымен оқиғаны толықтай баяндайды. Бұл әдістері сәтті шықты дей алмаймыз. Жалпы Бин ханшайым мен оның достарының оқиғалары өте баяу дамиды. Мұндай қарқынмен бұл сериалдың бірнеше маусымға созылатыны анық. Оның үстіне, бір оқиғаның түбіне жеткенше көрермен жалығып кететінін де байқауға болады. Одан бөлек, эпизодтардағы тәуелсіз мини-сюжеттер бар. Олар негізгі оқиғаларға қарағанада қызықтырақ. Бірақ, сюжетке сәл өткірлік жетпеді.

Кейіпкерлер орта ғасырда өмір сүреді. Авторлар ертегі, аңыздардың кейіпкерлерінің образын өз кейіпкерлеріне еркін қолданады. Олар осы ғасырға тән құбылыстармен бетпе-бет келеді әрі заманауи мәселелерді көтереді. Бірақ, қарап отырып бұл кейіпкерлердің қатардағы ертегілердің образына көбірек келетінін байқап, авторларға сәл тапқырлық жетпегенін түсінесіз. 

Барлық сериал мен анимациялық фильмдер ашық түрде не жасырын жолдар арқылы мәселелерді қозғайды. "Түңілу" сериалынан орта ғасыр мәселесі мен қатар бүгінгі заманға тән мәселелерді байқауға болады. Сериалда "мыстандарды аулау және оларды жазалау" және дін мәселесі қозғалады. Адамзаттың тозақ пен жұмаққа деген сенімі және көзқарасы сөз етіледі. Сериалдан бүгінде трендке айналған стендапты да байқауға болады.


Анимациялық фильм екендігіне қарамастан, сериалдың балаларға арналмағанын бірінші маусымында-ақ ұққан болатынбыз. Бірақ, бұл жолы сценаристер сатира мен иронияны қолданғанына қарамастан, өздерінің бастапқы мақсаттарының жаңылғандай. Сериал өзге ересектерге арналған мультипликация жанында түкке тұрғысыз. Өйткені, әр бөлімдегі орынсыз әзілдер адамды мезі етеді, оның үстіне сериалдың комедия жанры екендігіне маусым аяқталғанша өзіңді әзер сендіресің. Тек қуантатыны, анимацияның өзі ғана. Кейіпкерлердің суреттелуі, анимациялардың өтімділігі, қоршаған орта мен оқиғасы аясы жақсы бейнеленген. 

Қорытындылай келе, Мэтт Гроунингтің жобасын бір рет көруге тұрарлық анимациялық сериал ретінде ғана бағалай аламыз. Шоуға бірегейлік жетіспейді, сюжетте өткірлік жоқ. Өкінішке орай, анимациялық фильмдерді сүйіп көріп, оларды достарымен талқылап үйреніп қалған адамдарды  "Түңілу" сериалы әбден түңілдіріп жібереді. Бірақ, мен үшін мультипликатордың орны ерекше, туындысын көріп, бағамды өзім беруім керек десеңіз, онда міндетті түрде көріп, өз пікіріңізді қалдырыңыз.