«Шал» шау тартпай шықты!

Бүгін "Арман" кинотеатрында «Шал» драмасының журналистерге арналған таныстырылымы өтті. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған фильмнің таныстырылым кешінде біз ойлағандай реткі киномандар ғана емес, барша жұртшылық жиналыпты.

Фильм Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» хикаясы желісі бойынша түсірілген. Түсірілім 2011 жылдың ақпан айында басталған еді. Осы жылдың басында түсірілімі біткен фильмде басты кейіпкерлердің рөлін актер Ерболат Тоғызақов пен Орынбек Молдахандар сомдады.

 Сюжет

Сюжеттік желіге келсек, жапан түзде көпті көрген Қасым шал мен оның немересі Ерасыл анасымен бірге өмірін сүріп жатқан көріністен басталады. Фильмнің қызығы Қасым шалдың футболды өліп сүйетін жанкүйер екенімен қызды. Испания футбол лигасын мүлт жібермей көретін шалдың немересі жаңа заманның ұрпағы. Оның ақыл-ой үрдісі тіптен бөлек. Жаймашуақ жаз да бітіп арты күздің ысқырық бораны өз қаһарына міне бастаған шақта көршісі Исабек қонақ ақысы ретінде қолқа салады. Ол өз достарымен біріге арақ ішу мақсатында Қасым шалға өз атарын беріп, қыстауға жөнелтеді. «Мен ұрлыққа шыққан түні ай жарық бопты» дей ме... Әйтеуір «қырсық» шалдың тура алдынан ақырып тұрып қарлы боран шығады екен ғой. Үш күн бойы жапан түзде қос жау: қасқыр мен боран торған кезде шалдың шарайна ақылы ары ауып, жынды болуға айналады.

Мазарда түнеген, жыңғылдан қоршау жасап, от тұтатқан, тастанды үйде қой жүнін тұтатқан кездің барлығы да басты кейіпкеріміздің жүйкесін жеп бітірген. Фильм барысында өлген қасқырлар мен өңгерілген қойлардың құны қайда дегенбіз. Бекер екен. Кейінгі Ермек Тұрсыновтың бұл айласы бізді алдап соққан екен – ешқандай да жануар бұл фильм барысында залал көрмеген болып шықты! Айла-тәсілі көзімізді алдаған режиссердің біліктілігі дедік.

Әрмен қарай, жақсылықтың өтеуі алдағы өмірде, тіршіліктің темірқазығы – ар-ұят, абырой-бедел, қанағат сабыр деп ұққан заманның ескілігі мен жаңалығы тартыс барысын тереңдете білді. Қарияның қар-борандағы қасқыр Құртқамен алысу стратегиясы өз жемісін берді. Тахауи Ахтановтың «Боран» шығармасына ұқсастығын былай қойғанда, тура сол туындының экранизацияланған (әлде драмаланған десек те болады) нұсқасын көріп отырғандай болғанымызды жасырмаймыз. Қасболат... кешіріңіз... Қасым шалдың немересі Ерасыл ерледі. Амалы таусылған атасының жапандағы дауысын сезгендей болып, ол жатқан жерге дейін белгісіз бір қасиет арқылы тауып алады. Міне, дәл осы ретте фильмнің тартысы бәсеңдей береді. Үрпиісіп, жақтасып отырған көңіліміз босай, арқамызды жазып кең демалдық. Құртқа да камера обьективінде өзінің шебер актер бола білетіндігін дәлелдеп берді. 

Ақпарат

Қасқырмен арпалыс суреттері өте қиын болғандығы белгілі болды. Режиссердің айтуы бойынша, 10-15 қасқырды Ресейдің Брянск қаласынан арнайы алдырылыпты. Қасқырлардың актермен алысу сәті де ешқандай дублерсіз өткен екен. Режиссер басында фильмге Асанәлі Әшімовты басты рөлге ұсыныпты. Бірақ сценарийдің күрделі болғаны себепті бұл фильмге Асанәлі Әшімов түспеген екен. Ал бас режиссер Ермек Тұрсынов журналистерді бір шошытып алды. «Келін» кинофильмін ол қазақтың байырғы тарихы деп айтып салды.  Ал "Шал" фильмі біздің, қазақ жұртының бергі тарихы екен. Әрменгі жағын өзіңіз ойланып, сарапқа сала жатарсыздар...

   

Ермек Тұрсынов, режиссер:

- Кино халыққа арналған. Бұл киноның бюджеті – 1,5 миллион болғанын айта аламын. Көптеген қойылып жатқан сұрақтардың ішінде Тахауи Ахтановтың «Боран» романының желісіне ұқсайтынын айтып жатыр. Бірақ мен ол шығарманы оқыған емеспін. Ал қойдың жүні жана ма, жанбай ма, мен ондай кішкентай детальдарға назар аудармаймын. «Келін» кинофильмінен кейінгі бұл «Шал» туындысы менің шығармашылығымның жарқын белгісі. Бұдан кейін енді «Кенже» атты фильмді дайындап жатырмыз.

Ерболат Тоғызақов, актер:

- Шынымен де менің тұңғыш монорөлім осы болды. 75 адамнан құралған түсіруші топқа көп алғысымды айтамын. Киноны түсіру үдерісі өте қиын болғанын айтамын. Мен «Қазақфильмде» 35 жыл администраторлық қызметте жұмыс жасадым. Бірақ киностудия директоры болған емеспін. Бір айға ғана нәпақа табуға барғанмын, бірақ осынша уақытқа дейін жұмыс жасап келдім.

Сламбек Тәуекел, режиссер, сценарист:

- Бұл ең алғашқы ақпараттық көрсетілімі. Бүгін бізде үлкен мереке. Қазақтың әр фильмі біз үшін мереке ғой. Динамикалық түрде дамып отыратын желісі арқылы көрермен тартатын туындыда Ерболат Тоғызақовтың еңбегі мол. Оның тіпті дебюті десек те қателеспейміз. Осы өте ауыр монорөлді актер өз деңгейінде керемет орындап шықты деп айта аламын. Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» туындысына керемет жауап қайтарған фильмнің режиссері Ермек Тұрсыновты құттықтаймын.

Орынбек Молдахан, жас актер:

- Менің қойлармен ешқандай "проблемам" болған жоқ. Аттың үстінде отыру өнері де қазақ болғаннан соң бізге оңай болды. Ермек Тұрсынов менің әкем емес, бірақ осы фильмнен кейін әкем деп айта аламын. Сабақтарымнан ешқандай қиындық болған жоқ. Өз басым футболға қатты қызығамын. Әрқашан да Испания және Барселона командасына жақтасамын. Қалада өскеніммен, таза «қазақбай» адаммын.

Сөйтіп, қазақ кино қорына тағы да бір үлкен туынды қосылды. Көзіқарақты көрермен көзқарасын білдіріп жатар, бірақ қазақы рух пен қазақтың иісі шыққан бұл туынды қазақ киноөнерін тағы бір қадамға алға бастырды. Актерлердің керемет ойыны мен қазақы тілде жазылған сценарий сізді қуантпай қоймас. Ендеше ертеңнен бастап осы фильмге асығыңыз!  

 Дайындаған және суретке түсірген: Ардақ Құлтай