Көзі қарақты көрермендердің пікірлерін жан-жақты қақ жарған аты шулы «Келін» киносының авторы Ермек Тұрсынов наурыз айында жаңа туындысы «Шал» фильмінің жабық көрсетілімін өткізді. Фильм халықаралық кино фестивальдерде көрсетілген соң, көгілдір экраннан ресми түрде таныстырылым өтеді деп жоспарлануда.
Ермек Тұрсынов «Шал» фильмін атақты жазушы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісі бойынша түсірді. Тікелей шығарманы қайталау емес. Тек айтар ойы мен идеясын фильмде көрсетФильмді жасау идеясы Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевқа тиесілі.
Картинада санаулы ғана кейіпкер бар. Басты кейіпкер ауыл қарты, оның келіні және немересі. Жалғыз ұлы өмірден озған соң, Қасым қарт артқа қалған тұяғы немересі Ералыны интернатқа оқуға береді. Ералы болса, атасының бұл қылығына наразылық танытып, оған кетік мінездерін көрсетеді. Үш адамнан құралған отбасы жапан далада қарапайым ғұмыр кешеді. Қарабайыр тіршілікті қаладан аңшылыққа шығу мақсатымен келген үш жолаушы бұзады. Жігіттер шалмен тілдесіп, қасқыр атуды жоспарлағандарын айтып, жол сілтеп жіберуін сұрайды. Алайда, қария қасқырлардың бөлтіріктеп жатқандығын ескертіп, аңға шықпағаны дұрыс боларын айтады. Қаладан келген жігіттер ақсақал сөзін елемей, аң аулауға кетеді. Ертесі күні Қасым қарт өз қойы мен көрші қойын қыстауға айдап кетеді. Боран астында қалып, ол адасып кетеді. Осы кезде қасқырлар алдынан шығып, қойға шабады. Қарт қойларды сақтау үшін әлекке түседі. Өзі қиналып жүргенде жол сұраған жігіттердің өлі денелерін кездестіреді. Арасындағы бірі аман қалғанмен, халі мүшкіл болады. Қарт аман қалған жігіт пен өз өмірін сақтауға, қиындықтарға төтеп беруге ұмтылады. Осы кезде жоғалып кеткен қартты бір топ адам іздеуге шығады. Араларында бала Ералы да болады. Іздеу жұмыстары нәтижесіз болып, қартты «өлі мен табылмайды» қатарына жатқызған іздеуші топ кері қайтқанда, бала Ералы атасының тірі екеніне шүбә келтірместен, оны іздеп табады. Қазақ даласында түсірілген фильмде адам баласының қайраттылығы мен өжеттілігі, жігері мен табандылығы көрсетіледі.
Фильм жайлы қызықты мәліметтер:
Әу баста фильмнің бас кейіпкері Қасым қартты рөлін сомдауға марқұм Қасым Жәкібаев шақырылған. Алайда, актер сырқаттанып, кейін дүниеден озды. Ермек Тұрсынов дара тұлғаның рухына тағзым жасап, кейіпкер есімін Қасым деп өзгерткен. Фильмге түсіру үшін еліміздегі қолға үйретілген көкжалдардың саны аз болғандықтан, біразы Ресейдің Брянск қаласынан әкелінген. Оларды ұшақ пен пойыз арқылы тасымалдауға рұқсат болмағандықтан, оларды Алматы облысына көлікпен жеткізген. Түсірілім кезінде тұманды қолдан жасауға тура келген. Кейбір эпизодтарға қарапайым түтін пайдаланған.Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: kino.kz