Кино тарихы туралы сөз болғанда, 1938 жылы түсірілген қазақтың алғашқы фильмі «Амангелді» фильмі еске оралады. Ал ұлттық киноның тарихы Шәкен Аймановтан басталады. Ол қазақтың тұңғыш кинорежиссері.
Ендеше, бүгін біз сіздермен қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі Шәкен Айманов түсірген фильмдер туралы әңгімелейтін боламыз.
«Махаббат туралы аңыз». Шәкен Аймановтың түсірген бұл фильмі 1954 жылы экранға шыққан болатын. Фильм Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көпеш – Баян сұлу» пьесасының желісімен түсірілген. «Махаббат туралы аңыз» фильмінде Қ.Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Ш. Жандарбекова, Н. Жантөрин сынды қазақтың атақты актерлері өнер көрсетеді. Шәкен ағамыздың аталған алғашқы режиссерлік жұмысы К. Гаккельмен түсірілген.
С.Қожамқұлов
«Біз осында тұрамыз». Кинорежиссер Шәкен Аймановтың 1957 жылы түсірілген бұл кинодрамасы тың игеру тақырыбына арналған. Бұл фильмде Қазақстан даласына Кеңес Одағының әр жерінен келген жастардың тың көтеріп, астық өсіріп, отбасын құрып, өмір сүруі жайында баяндалады. Осы фильмде Шәкен Аймановтың өзі Бейісов рөлін сомдайды. Интернационализм, халықтар достығы тақырыбындағы фильмде қазақ қызы Халида мен Украинадан келген Сергей Савченко арасындағы таза махаббат сезімдері суреттеледі. Халида мен Сергей рөліндегі Л. Абдукаримова мен Л. Фринский атты актерлердің сомдауындағы қыздың ата-аналарының, туыстарының өзге біреуді өз отбасына қабылдағысы келмейтін көріністері де шынайы суреттелген. Дегенмен, махаббат жеңіп, жастар шаңырақ көтереді.
«Біз осында тұрамыз» фильмі өте жоғары бағаланып, Бүкілодақтық бірінші кинофестивальде арнаулы сыйлыққа ие болды.
«Біздің сүйікті дәрігер», «Ән шақырады», «Алдар-Көсе», «Тақиялы періште» фильмдері комедия жанрын әр саладан, әр қырынан көрсете білді. «Ән шақырады» атты фильмде музыка әлемі және орындаушылар жаңа қырынан танылса, Алдар-Көсе рөлін режиссердің өзінің орындау шеберлігінің негізінде халықты сүйікті кейіпкерімен экранда кездестіреді.
«Тақиялы періште» кинокомедиясы Әмина Өмірзақованың актерлік шеберлігін, оның үздік кинокомедиялық актриса екендігін айқын танытады. Бұл фильмдердің үшеуі де музыкалық комедия. Үш фильмде де музыка мен ән әр мақсатта пайдаланылады.
Сондай-ақ, Шәкен Айманов комедия жанрымен қатар психологиялық драма жанрына да көңіл бөліп, «Бір ауданда» («В одном районе», «Тоғысу» («Перекресток») фильмдерін түсірді. Бұл фильмдерде режиссер адамның ішкі дүниесін ашуға ұмтылады.
«Тоғысу» («Перекресток») фильмінде дәрігер Ғалия Исламова мен оның сүйіктісі судья Ескендір «адам және заң» проблемасында бетпе-бет келеді. Фильмнің сюжеті бойынша Ескендір заң негізінде адамды соттау жөнінде шешім шығарады, ал Ғалия ол адамның кінәсі жоқ екендігін жақсы білетін болады. Осы мәселелер кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіріп, олардың мінездерін, сезімдерін, наным-сенімдерін тереңірек аша түседі.
Жалғасы бар...
Суреттер: megatorrents.org,kino-teatr.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева