- Негізгі бет
- Кино
- Шәкен Айманов түсірген...
Шәкен Айманов түсірген фильмдер - 2
Шәкен Айманов түсірген фильмдер туралы әңгімелеуді жалғастырамыз.
«Бір ауданда» («В одном районей») фильмі ХХ ғасырдың 60 жылдарындағы жаңа ізденістер, басқару жұмысында ескілікпен күресіп, прогрессивті жолдарын табу тақырыбын көтереді. Шәкен Айманов аудандық партия комитетінің хатшысы Сабыр Баяновтың рөлін ойнайды. Баянов соғысқа қатысқан майдангер, жігерлі, өз ісіне берік, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруге тікелей араласып, аудандағы қой шаруашылығын дамытуды көздейді. Уақыт көп өзгерістерді талап етеді. Жас зоотехник Бектасов рөлін А. Әшімов орындайды. Ол құс шаруашылығын, әсіресе үйрек пен шошқа өсіру экономикалық тиімді деп есептейді. Жас маман өмірге жаңаша қарап, жаңа өзгерістерді кеңірек енгізуді қолдайды. Өмір талабы да Баяновты өз қателіктерін түсінуге мәжбүрлейді. Айманов ойнаған Баянов адал, елін шексіз сүйетін, бүкіл өмірін халыққа арнаған, қателік жіберсе, оны мойындай білетін батыл адам ретінде бейнелейді.
Асанәлі Әшімов
«Атамекен»
«Атамекен» фильмінде соғыстан кейінгі халықтың жағдайы, қайғы-қасіреті баяндалады. Ленинград түбінде қайтыс болған баласының сүйегін іздеп тауып әкеліп қойғысы келген қазақтың қарт адамы немересімен жолға шығып, басынан кешкен оқиғалар суреттеледі. Пойызбен ұзақ жол жүрген қарт немересі екеуі көп адамдармен кездеседі. Соғыс кезінде тас-талқан болып қираған орыс жерін, ол жердегі еңбекшіл халықты көреді. Жаумен шайқаста отанын қорғап мерт болған достарымен қатар жатқан ұлының қабірі қартқа үлкен ой салады, ойын өзгертеді, өзінің туып-өскен атамекенімен бірге үлкен жалпақ ел, Отан деген ұғым барын терең философиялық гуманистік тұрғыдан түсінеді. Еліне қайтқан қарт басқа көзқараспен оралады.
Елубай Өмірзақов
Фильмдегі негізгі кейіпкер қарттың рөлін Елубай Өмірзақов шебер ойнайды. Актер көзімен, жәй қимыл-қозғалысымен, мимикасымен кейіпкерінің мінезін, ішкі табиғатын, ішкі сезім-дүниесін, дене бітімін дәл жеткізіп суреттейді.
«Атамекен» фильмінің сценарийін Олжас Сүлейменов жазды. «Атамекен» фильмі Шәкен Айманов шығармашылығының биік шыңы болумен бірге, қазақ киносының терең философиялық проблемаларды игерудегі жетістігі де болып табылады.
«Атаманның ақыры»
«Атаманның ақыры» фильміндегі оқиғалар азамат соғысы кезінде Қазақстан мен Қытай жерінде өтеді. Фильмнің негізгі мазмұнына тарихи шындық оқиға алынған.
Қазақ кинематографистерінің тапсырысы бойынша фильмнің сценарийін жазған - А. Михалков-Кончаловский мен Э.Тропинин. Олар тарихи деректерге сүйенумен бірге шындықты ойдан шығарған мәселелермен араластырып, шығарманы әсерлі де мазмұнды етіп жазады. Осы сценарий бойынша түсірілген Шәкен Аймановтың фильмі Жетісу советтік чекистерінің Дутов бастаған ақ гвардия отрядтарын Қазақстан жеріне жібермей, жаудың штабы орналасқан Қытайда Сүйдин қаласында талқандағанын баяндайды. Фильмдегі негізгі кейіпкер капитаны Шадияровтың рөлін белгілі актер жан-жақты етіп ашады. Шадияров ақылды, тапқыр, әдемі, сымбатты, тәрбиелі. Оның осы қасиеттері чекистер өміріне қауіп туғызып тұрған Иона әкеймен психологиялық жекпе-жек күресінде көрінеді. Ол өте ақылды, айла-әрекеті терең жауымен өте қырағы күресіп, жауын жеңе біледі.
«Алдар-Көсе»
«Алдар-Көсе» фильмі – Шәкен Аймановтың кино өнеріндегі Алдар-Көсе рөлін сомдаған ірі шығармасы. Экранда халықтың сүйікті кейіпкері өзінің ақылдылығымен, тапқырлығымен, кең пейілділігімен, ұшқыр ойымен, даналығымен танылады және осының бәрі әзіл-қалжыңымен жеткізіледі. Алдар-Көсе рөліндегі Шәкен Аймановтың шеберлігі халық ертегісін қазіргі кезбен байланыстырып, әрі Алдардың көзқарасын, тәлім-тәрбиесін бүгінгі күннің түсінігімен жеткізе білуі. Актердің өте шынайы ойыны экраннан Алдардың өзін көргендей әсер қалдырады.
Алдар-Көсе фильміне режиссер халқымыздың атақты актерлерін тарта білген. Мысалға, кішкене ғана эпизодтық Бақсы рөлін ойнаған ұлы актер Елубай Өмірзақов ұмтылмастай керемет әсер қалдырады. Кинорежиссер Шәкен Айманов бұл кішкентай ғана эпизодтық рөлді әдейі Елубай Өмірзақ үшін енгізген.
Бұл кинокомедиялар арқылы өмірде кездесетін маңызды проблемаларды шешуде комедия жанрының мүмкіндіктерін кинорежиссердің барынша пайдалана білуі үлкен шеберлікті көрсетеді.
Суреттер:telek.by,kino-teatr.ru,baq.kz,visamania.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева