- Негізгі бет
- Кино
- Шабыт сыйлайтын фильмдер...
Шабыт сыйлайтын фильмдер
Кино өмірдегі оқиғалардың негізінде түсіріліп, кейде біз мән бермейтін айналамыздағы жағдайларды көрсетеді. Басымызға қиыншылық түскенде, тек мұндай "сәтсіз" өмір бізде ғана бар секілді сезінетініміз жасырын емес. Бүгін "Өзімді қалай тапсам болады?" деген сауалға жауап беретін әрі шабыт сыйлайтын 5 фильмді ұсынамыз.
Кейіпкер / Персонаж
Фильмнің басты кейіпкері — кеңсе қызметкері, күнделікті тірліктен әрі аса алмайтын Гарольд Крик. Ол бүкіл өмірін ережелерге бағынып, тек белгілі бір кестеге сүйеніп өміп сүреді. Бір күні ол оған әр әрекетін бұйырып отыратын әйел адам дауысын ести бастайды. Кейін ол өзін бір кітаптың кейіпкері санайды. Фильм тағдыр, сәтсіздік пен жақсылықтар қатар жүретініне еріксіз сендіреді.
Сынып алдында / Перед классом
Брэд бала кезінен-ақ Туретта синдромының алғашқы белгілерін байқай бастайды және ол өміріне әсер етпей қоймайды. Соған қарамастан ол ешқашан өзінің арманынан бас тартқан емес. "Сынып алдында" — Брэд Коэнның автобиографиялық кітабының экранизациясы. Картина жиі мазалайтын сұрақтардың жауабын берсе, оқиға адамның өзін өзі қабылдауы мен өмірдің кез келген сынағына өзіңе адал болып қана төтеп беруге болатынын көрсетеді.
Америка ханымы / Госпожа Америка
Трейси — Нью-Йорктегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алады. Ол сабырлы, момын, көп адаммен араласа бермейді. Оның өгей әпкесі Брук болса мүлде басқаша. Ол әрдайым шулы ортаға өзімен бірге сіңілісін ертіп апарады. Екі бойжеткен де болашақта жетістікке қол жеткізуді армандайды.
Париждегі түн ортасы / Полночь в Париже
Гил нағыз жазушы болуды армандайды және өзінің қияли әлемінде өмір сүреді. Ол өзінің сүріп жатқан заманын мойындағысы келмейді, ылғи өкенді еске алумен болады. Оның ойынша, өткен шақ романтикаға, сезімге және шабытқа толы. Бір күні Париж көшесінде жалғыз қалған ол бөлек әлемге тап болады. Ол жерде Пикассо, Хемингуэй, Фицджеральд секілді өнер майталмандарымен танысады. Фильм адамның өзін-өзі қабылдау барысында өзіне қоятын "Мен өз заманымда өмір сүріп жатырмын ба?" деген сұраққа жауап береді.
Француз жігітінің өмір ережесі / Правила жизни французского парня
Себастьянды ешқашан жетістік те, мансап та қызықтырған емес. Ол филология факультетін үздік бағамен аяқтады және атақты журналист, жазушы, аудармашы болуға мүмкіндігі бар еді. Дегемен, жас жігіт өмірін текке өткізгенді жақсы көреді — фильм қарайды, кітап оқиды, қаа көшелерінде серуендейді. Бір күні әлеуметтік саладағы бір қызметкер оған керуетте жатқаны үшін арнайы жәрдемақы тағайындайды. Нәтижесінде жігіт бұл өмірдің ол ойлағандай соншалықты жеңіл емес екенін ұғып, болашаққа назар аудара бастайды.
Т. Есқали