- Негізгі бет
- Кино
- "Семьяниң" немесе отағасын...
"Семьяниң" немесе отағасын не мазалайды?
8 сәуір күні "Семьяниң" (Отағасы) атты отандық төл туындының жабық көрсетілімі өтті. Кинодағы басты рөлдерді Әбунасыр Серіков пен Әсел Сәдуақасова сомдайды. Фильм Мұхтар есімді отбасылы адамның басынан кешкендерін баяндайды. Такси жүргізушісі ретінде күнін көріп жүрген Мұхтардың бар ойы жақсы табыс тауып, өзі ойлаған көлікті шығару болатын. Дегенмен, оның өмірі ол ойлағандай болмады. Оның ойынша, қаржылық жағдайының төмендігіне кінәлі – ерте отбасын құруы.
Кешкі ас үстінде қызы Әлия оған тұрмысқа шығатындығын хабарлайды. Ал, бұл хабарды естіген Мұхтардың басына бірден оған керекті қаражатты қайдан табамын деген ой келеді. Күтпеген хабардан қаны басына шапқан Мұхтар жұмыс кезінде ойламаған жерден бейтаныс егде тартқан ер адамды кездестіреді. Ол оған көмектесуге ұсыныс білідіріп, кейін екеуі келісімшартқа отырады.
Ертесі Мұхтар ұйқысынан басқа өмірде оянады. Бұл жолы Мұхтар – бай, ауқатты өмір сүреді, бір компанияның білдей басшысы. Дегенмен, оның жанында оны қолдайтын отбасы болмайды.
Фильмнен не алуға болады?
Отбасының құның түсіну және оны бағалау. Соңғы уақытта "жағдай" мәселесі көтеріліп, отбасын құруға асықпайтындар саны артып келеді. Оны миллениалдар буынының ерекшеліктеріне жатқызғанымен, заман талабы солай қарай бағытталып келе жатқанын аңғару қиын емес. Одан бөлек, орта жасқа жеткен кезде жағдайымыздың бірқалыпты не жоғары болмауын отбасыны ерте құрып, жауапкершілікті мойнымызға тым ерте жүктелуімен байланыстырамыз. Бірақ, фильм арқылы отбасы болса, кез келген қиындықтан жол табуға болатынын ұғуға болады. Отбасы құндылықтары мен олардың адам өміріндегі маңызды рөлін көрсетеді.
Фильм кімдерге арналған?
"РЕВЮ" бағдарламасына берген сұхбатында фильмнің режиссері, дебютант Фархат Құлбаев: "Кинода жастар түсіне бермейтін ересектер өмірі өте аз көрсетіледі. Мүмкін, ересектердің өзі осындай мәселелерден қалай шығуға болатынын өз көздерімен көретін шығар", – деген пікірін білдірген болатын. Фильмнің ресми жарнамасында 12 жастан асқан жасөспірімдерге ата-анасымен бірге көруге болады деп көрсетілсе де, бұл фильмнің басым аудиториясы өмірде өз жолын таба алмай жүрген ересектер болатын секілді. Өйткені, отбасының қадірін ұқпай жүргендердің арамыздан табылатыны сөзсіз...
Фильмдегі актерлер ойыны:
Комедия бағытындағы фильмдерде ойнайтын Әбунасыр Серіковтің образынан драманың элементтерін байқау таңсық болғанын мойындаймыз. Дегенмен, ол өз рөлін шеберлікпен сомдады. Бастысы асыра сілтеу мен жасандылық сезіле қоймады.
Ал, Әсел Садуақасова ерке әйелдің образын өзіне лайықты етіп таңдаған. Өзінің хейтерлеріне фильм ішінде "өз фильмін" қарап отырып, «ойнай алмайды» деген пікірге өзінше жауап беріп, өзін ақтап алғанын аңғаруға болады. Қыздарының рөлінде Марйам Сатаева ойнайды. Оның да ойыны көңілді толтырады. Ал, Қайрат Әділгерей сомдайтын Олжастың рөлі Мұхтардың образын ашу үшін, оны толықтыра түсу үшін қосылғандй.
Фильмдегі қателіктер:
Фильм – өмір емес. Бірақ, фильм өмірден алынады. Фильмдегі оқиға желісі реттілікпен дамиды. Тек, соңына келгенде оқиғаны қалай аяқтауды білмей, атыс-шабыстың тағы бір элементін қосқандай. Мұхтардың алаяқпен диалогын Олжасқа тыңдатқан сәті, одан бөлек артық қимыл мен үйленбейтінін білсе де дым болмағандай қыдырып жүрген қызы Әлия мен Қанаттың бейқам тірліктері аздаған түсініспеушілік тудармаса, фильмнен жасандылық пен төмен дәрежедегі ойынды кездестіру қиын.
Фильмге баруға ұсынасыз ба?
"Семьянин" десе көз алдыңызға 2000 жылы жарыққа шыққан АҚШ драмасы елестеуі мүмкін. Сюжет пен идея арасындағы ұқсастықтың барын жасыра алмаймыз. Бірақ, бұл фильм көруге тұрарлық. Әсіресе, елімізде комедия бағытындағы фильмдердің өтімділігі жоғары екенін ескерсек, бір уақыт комедия элементі бар драмаға барған да дұрыс. Фильмді кинотеатрлардан 11 сәуірден бастап тамашалай аласыздар.
P.s: Фильм атауының түпнұсқасы – "Семьяниң". Дегенмен, атауына іліккен "ң" әрпі жүгіртпе жолдағы (субтитр) барлық "ң"-ның орнын басқандай.
Т. Есқали