Кеше Ш. Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген отандық вестерн жанрындағы Саташ фильмінің тұсаукесері өтті. Картинаның режиссері танымал киносыншы, журналист, сценарист Төлеген Байтөкенов. Фильм сюжеті бойынша Саташ ауыл учаскелік полицейі. Картина Саташтың күнделікті өмірі мен жеке тұлға ретінде басынан кешіп жүрген тұрмыс қиындығын сипаттаумен басталады. Жары Айнаның дертке шалдыққанына қарамастан, Саташ ауылдағы жұмысын тастап кетпек емес. Өйткені, ол өз еңбегіне адал әрі өзін ауыл тұрғындары алдында борышкер санайды. Картинада қазіргі сәттен бөлек Саташтың әкесі басынан кешкен бірнеше жылдық жұмбақ оқиға да сипатталады. Әрине, бірден не болғанын ұғу қиын, фильмнің тізбектелген оқиға желісін ақырын ұғына бастайсыз.Оқиға ауылға көлігі бұзылып, тұрақтайтын орын іздеп келген қарақшылардың келуімен өрбиді. Дастан және Мәлік есімді жігіттердің еш зиянсыз жоспарлары ауыл қарақшысы Қайсардың араласуымен күл-талқаны шығады. Ауыл тұрғындарына көзсіз оқ жаудырта бастаған Қайсардың қылығын жақтамаса да, өздерінің болашақтары үшін Дастан мен Мәлік амалсыз олардың дегеніне көнеді. Фильмде қандай қателіктер орын алды? Оқиға басында жүк көлігі бұзылады, сондықтан тұрақтайтын орын іздеген Дастанның не себептен химиялық зерттеу жүргізіп кеткенін түсіну қиын. Оларға көлік жөндеу ғана керек еді. Кейбір актерлердің қазақшаға шорқақтығын ойыны байқалтпаса да, кей актерлердің не тілі, не ойыны картинаның быт-шытын шығарды. Дегенмен, оны режиссердің өзіндік ерекшелігі деп жылы жауып қойдық. Киноға сәл шынайылық жетіспей жатқанда, Мәліктің өлім аузында жатқан адамға өмір туралы пәлсапа оқып, театр сахнасын фильмге байқаусызда енгізгені күлкіні келтіріп, жап-жақсы басталған фильмнің сәнін кетірді. Фильмнің басты кейіпкері Саташ. Бірақ, фильм ол туралы емес. Әлде солай әсер қалдырды. Есесіне, фильмдегі Дастан образы көбірек тартымды әрі ұтымды. Фильм Дастан деп аталуы керек еді деген ой да келеді. Қазақша дубляж кезінде орысша жүгіртпе жол болғанымен, орысша сөйлеген кезде қазақша жазу жоқ. Фильмнен сізге ұнауы мүмкін: Қарақшы Қайсардың рөлі ұнады. Сұсты түрі, қимыл-әрекеті, сөйлеген сөзі барлығы образдың толыққанды қалыптасуына әсер еткен. Актер Ержан Нүсіпақынов сәтті таңдалған. Саташ образы қатты ұнауы мүмкін. Тек бір ғана мәселе болды ол менің қазақша дұрыс сөйлей алмауым деген Саташ рөліндегі Ақылхан Алмасов фильмде бұл мәселені мүлде байқатпайды. Қазақ тілінде таза, еркін сөйлейді. Сонысымен ұтымды. Өз рөлін де айтарлықтай дәрежеде сомдап шықты деп те айта аламыз. Инженер Дастан рөлін сомдаған Шыңғыс Капинге тағы да қошемет көрсетіп қоюға болады. Өйткені, фильмдегі рөлі дәл Шыңғысқа арналған. Онымен бірге қайғырасыз, бірге қуанасыз, уайымдайсыз. Бастысы актердің бұл сезімдерді көрерменге жеткізе отырып, сол әлемге өзімен бірге алып кету.Осы қателіктер мен ұтымды тұстарды сараптай келе, фильмге 10 ұпайдан 5-ті ғана беруге болады. Төккен тер мен уақытты бағалап қасына + қосу да артық етпейді.Фильмге барайын ба? Иә, фильмге міндетті түрде барыңыз. Өйткені, вестерн қазақ өмір салтына сәйкес келмесе де, өзіндік ерекшелік беріп тұрады. Бастысы, отандық фильмнің жақсы, жаманы болмайды. Барлығы болашақ жетістіктердің алғашқы қадамы, сынақ алаңы. Біз бен сіз болып қолдамасақ, отандық фильмнің даму жолы ұзаққа созылары анық. Сондықтан, міндетті түрде барыңыз. Есіңізде болсын, сын түзелмей, мін түзелмейді. Пікір қалдыруды ұмытпаңыз.