ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы Қазақфильм АҚ жарыққа шығарған режиссер Төлеген Байтөкеновтың түсірген Саташ вестерн жанрындағы фильмі биыл қазанның 12-і мен 21-і аралығында өтетін 34-ші Варшава кинофестивалінің 1-2 Competition атты конкурстық бағдарламасына қатысады. Бұл байқауда әлемнің түкпір-түкпірінен келген режиссердің алғашқы немесе екінші рет түсірген толықметражды көркем фильмдері көрсетіледі. Саташ фильмі туған ауылына басып кірген қылмыскерлермен жалғыз күреске түскен учаскелік полицей туралы баяндайды. Фильмнің басты кейіпкері Саташ есімді ауылдың учаскелік полицейі ауыл тұрғындарына күш жұмсаған қылмыскерлерге төтеп беріп, өзінің борышын соңына дейін өтейді. Біздің түсірілім тобы түсірген фильмді осындай белді кинофестиваль таңдап алғанына қуанып отырмын. Картина көрермендерге арналған жанрлық фильм болып шыққан, десе де фестивальдерге қатысуға лайықты болып шыққаны маңызды. Саташ фильмі менің алғашқы толықметражды туындым, сондықтан да, бұл фильміме артып отырған үлкен жауапкешілікті сеземін. Қазан айының соңында фильм отындық прокатқа шығады. Отандық көрермендердің көңілдерінен шығады деп үміттенемін, - деді режиссер Төлеген Байтүкенов. 1985 жылы құрылған Варшава кинофестивалі әлемге әйгілі Канн, Берлин және Венеция кинофестивальдері секілді FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) тіркеуінен өткен. Фестивальдің мақсаты - әлемдік кинематографтағы ең жаңа әрі қызықты жобаларымен таныстыру. Біздің мақсатымыз, фильмді Оскар жүлдесін алғанға дейін көрерменге көрсетіп, ал режиссерді Канн кинофестивалінде марапатқа ие болғанға дейін таныстыру. Біз әлемге танылған киногерлердің соңынан жүгірмейміз. Мысалы, Михаэль Ханеке, Кристиан Мунджу, Павел Павликовски, Ари Фолман, Асгар Фархади сынды басқа да киногерлер, атақ-даңққа жеткенге дейін біздің фестивальдің қонақтары болған, - деп атап өтті Warsaw Film Festival фестивалінің ұйымдастырушылары. Сондай-ақ Варшава кинофестивалінде тәуелсіз және инновациялық киноларға арналған Free Spirit, сондай-ақ деректі және қысқаметражды фильмдерге арналған конкурстық бағдарламалар бар. Ал конкурстан тыс бағдарламалар шеңберінде Польша классикасы, польшалық қысқаметражды фильмдер және халықаралық кинофестивальдерде көрсетілген әлемдік фильмдер көрсетіледі.