Биыл жарыққа шығатын Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмiнде Кенесары ханның рөлiн актер Санжар Мәдиев сомдайды, –деп жазады bnews.kz. «Қазақфильм» АҚ вице-президентi, бас редактор Дидар Амантайдың айтуынша, Санжар Мәдиев - қазақ киносы тарихындағы Кенесарының рөлiн тұңғыш сомдаушы адам.
«Режиссер Сатыбалды Нарымбетов Ермұхан Бекмаханов туралы тамаша фильмдi аяқтап қалды. Сол фильмде үзiк-үзiк Кенесарының образы көрiнедi. Кенесарының рөлiн Санжар Мәдиев сомдайды. Оны қазақ киносы тарихындағы Кенесарының тұңғыш рөлiн сомдаушы адам деп айтуымызға болады», - дедi бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде «Оралу» көркем фильмiнiң жалпыұлттық тұсаукесерiне арналған брифингте «Қазақфильм» АҚ вице-президентi, бас редактор Дидар Амантай.
Айта кетейiк, «Аманат» фильмiнде қазақтың соңғы ханы Кенесарының тұлғалық бейнесін зерттеген ғалым, тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры баяндалады. Кинотуындының режиссері – Сатыбалды Нарымбетов. Басты кейіпкерді Берік Айтжанов сомдайды. «Аманат» туындысы көрермендер назарына биыл ұсынылмақ.
сурет: erkindik.kz