- Негізгі бет
- Кино
- Санжар Мәдиев Кенесары...
Санжар Мәдиев Кенесары хан рөлінде
Танымал қазақстандық актер Санжар Мәдиев келешекте визитті карточкасына айналуы мүмкін жаңа рөлге ие болды, деп хабарлайды season.kz порталы.
Ол Сатыбалды Нарымбетовтың Кенесары хан хақындағы "Аманат" атты фильмінде басты рөлді сомдаған. Түсірілім тобының айтуынша, Санжар портреттегі суретке ұқсау үшін әрбір екі сағат сайын гримм жасатқан екен.
Фильмдегі оқиғалар бір мезгілде екі ғасырда болып жатады: бірі – Ермұхан Бекмаханов өмір сүрген ХХ ғасырдың орта тұсы, екіншісі – Кенесары Қасымов билік еткен ХІХ ғасыр.
Өздеріңіз білетіндей, Е.Бекмаханов ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірін зерттеумен айналысты. Соның нәтижесінде, 1943 жылы "Қазақ КСР-нің тарихы" атты еңбегі жарық көріп, Кенесары хан туралы материалдар үлкен айқай-шу тудырған болатын.
Санжар Мәдиев бір сөзінде рөлге дайындық барысында көптеген тарихи деректерді оқып, өзінің кейіпкері туралы деректі фильмдерді көргендігін айтты.
Санжар Мәдиев, Кенесары хан рөлін сомдаушы:
"Мен үшін әрбір көрініс алтынға тең дер едім. Түсірілім барысында өте көлемді мәтіндерді жаттауға тура келді. Себебі, кезінде Кенесары хан сарбаздарының рухын көтеру үшін ұзақ монологтарды айтатын болған".
Рөлдің қиын тұсы – актер өзінен он жас үлкен, яғни 37 жастағы тұлғаның рөлін сомдаған. Алайда, бұл жерде де көмекке гримерлер келді. Мәдиевке арнап сауыт, дулыға, жеңқап сынды батырдың киімдері тігіліп, қылыш жасатылған көрінеді.
Тарихта алтын әріптермен жазылған 1837-1847 жылдары болған ұлт-азаттық көтерілістің түсірілімдері кезінде 60 кәсіби каскадер мен өте көп массовка қатыстырылған.
"Аманат" фильмінде Ермұхан Бекмахановтың рөлін актер Берік Айтжанов, оның жұбайын Қарлығаш Мұхамеджанова сомдаған.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: season.kz
С. А