24 қараша күні Cinemax кинотеатрында "Сәбина келін" атты фильмнің алғашқы көрсетілімі өтті, − деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көптен күткен "Сәбина келін" фильмінің алғашқы көрсетілімі "Достық плаза" сауда орталығындағы "Cinemax" кинотеатрында өтті. Бұл шараға актерлердің, идея авторының алғашқы кинотуындысын тамашалап, қолдау көрсету үшін еліміздің актерлері, әншілері мен журналистері келді. Көрсетілімді ұйымдастыруы жоғары сапада екенін қонақтардың пікіріне сүйеніп айта аламыз.
Бұл фильмнің авторы, әрі режиссері, әрі продюсері және фильмнің басты кейіпкерін сомдаушы − Нұртас Адамбай. Сәбинаның қайын атасының рөлінде Ерлан Қасымжанұлы болса, енесінің рөлінде Тоғжан Таханова болды. Келіннің күйеуі "Жәнібектің" рөлін Есжан Хамидуллин ойнады.
Фильмнің сюжеті бір ауыз сөз қазақша білмейтін қалалық қыздың ауылға келін болып түсуі жайында. Түнгі клуб, би, қыдыру, қымбат брендті киімдер киіп, байлыққа ұмтылатын Сәбинаның бұл құмарлығы оны "шейхтың баласы" Жәнібекке кезіктіреді.
Түнгі клубта құрбыларымен әңгіме барысында Сәбинаның көзі "араб шейхының баласы" Жәнібекке түседі. Оның үйлену ұсынысын қуана қабылдайды. Алайда, келесі күні басына орамал тағып, "Jumeirah Beach" емес, "Жүгері" ауылының жас келіні атанады.
Ата-енесінің сөзін түсінбей, қайда қалғанын ұқпай жүрген қалалық ақ саусақ бешбармақ жасау, ішек-қарын тазалау, ауланы сыпыру, шай құю, сәлем беру секілді жаңа қызметін қалай атқарады екен? Қойшы Жәнібекке бетін бұра ма? Әлде дегеніне жетіп, қалаға қашып кете ме? Осы сұрақтарға жауапты 27 қарашадан бастап көрсетілетін "Сәбина келін" фильмін тамашалау арқылы табасыз.
Жеке басыма фильм өте ұнады. Жеңіл, не ауыр деп сынауға келмейтін бұл туынды комедия жанрында өз мақсатына жетті. Басында менменсінген қыздың қылығын көріп, қабақ шытқан көрермен фильм барысында оған жаны ашып, тіпті, онымен бірге уайымдап отырады. Түсірілім өткен мекеннің тұрғындарымен жақын араласып, ауыл тіршілігіне екі аптаға сіңіскен актерлер рөлдерін алып шықты деген пікірдеміз. Ауылды ауыл етіп, шынайы бейнелеген режиссер мен оператордың тамаша, сапалы жұмысын ерекше атап өту керек. Өміріміздің үлкен бөлігін алып отырған смартфон, ғаламтор, әлеуметтік желі дегендердің өзі тұрмақ, көлеңкесі де жоқ. Қазақи салт-дәстүрді де орнымен көрсете білді. Бұл туынды өз көрерменін тауып, жоғары бағаға ие болатыны сөзсіз деген ойдамыз. Күлдірмей қоймайтын бұл фильм комедия сүйер қауымның көңілінен шығады деген болжам тағы бар. Сондықтан, қапы қалмаңыз, ағайын!
Қалалық ақ саусақ қыздың ауылға келін болып түсуі жайында сіз қандай пікірдесіз? Ол біздің қоғамда, өмірде бар ма, әлде бұл миф пе? Сіз Сәбинаның орнында болғанда не істер едіңіз?
Сурет: Massaget.kz, Nurtas production; Видео: youtube.com
Арнайы Massaget.kz үшін