Фильмнің авторы, әрі режиссері, әрі продюсері және басты кейіпкерді сомдаушы Нұртас Адамбай өзінің Фейсбук парақшасында: «Алақай! «Сәбина келін 2» фильмін түсіріп аяқтадық», - деп қуанышын бөлісті.
Отандық "Сәбина келін" фильмі Қарсыбаева Сәбина атты бір ауыз қазақша білмейтін қалалық қыздың ауылға келін болып түсуі туралы екенін жазған болатынбыз. Фильмнің мақсаты − ауылдағы келіндердің өмірін суреттеу, әрі келін өмірінің қызықты, күлкілі қырларын терең астармен таныту.
Нұртас Адамбайдың парақшасында фейсбук қолданушылары оған өз образына қарағанда Сәбинаның бейнесі жақсы жарасатынын жазып күлдірді, оған қоса "Сәбина ене" фильмін түсіруге ой тастады. Басқа қолданушылар да фильмнің алғашқы шығарылымына деген сүйіспеншілігін білдіріп, екіншісін көруге асық екендерін жазды.
Фильмнің бірінші бөлімі көрсетілгенде: "Бұл - "Ауылдан қашу" хикаясындағы оқиғаның жалғасы, бірақ айта кетейін, бұл толықметражды фильм болады. Хикаяның соңғы маусымы 2013 жылы шыққан еді. Бұдан кейін біз "хикаяның жалғасы қашан болады?" деген көптеген сұрақ алдық. Міне, көрерменнің өтінішін жерде қалдырмайын деп, үлкен экранға шығаруды ұйғардық. Негізгі кейіпкерлер бұрынғысынша қалады: Ербол, Сапог, Ерлан, Баклажан және Тышқан. Жігіттер бұрынғыдай көп ақша тапқысы келеді. Сондықтан олар бір қитұрқы айла ойластырады. Басқа актерлер туралы әзірше айтпаймыз. Бұл тосын сый болсын", - деп сұхбат берген болатын Нұртас Адамбай.
Айта кетейік, "Сәбина келін" комедиялық фильмінің бірінші бөлімі бес күн ішінде прокатта 600 мың доллар ақша жинаған болатын. Сәбина келін туралы фильмді түсіруге 300 мың доллар (54,6 миллион теңге) жұмсалған.