- Негізгі бет
- Кино
- Road trip жанрындағы...
Road trip жанрындағы 5 фильм
Жол туралы фильмдер — кинодағы ерекше қосалқы жанр. Жолға адамдар әртүрлі себеппен шығады. Олар жақындарына бару үшін, жай жаңа жерлерді көру үшін, қорқыныштарын жеңу үшін немесе басқа баратын жері болмағандықтан жолға шыққан болуы мүмкін. Төмендегі фильмдерден кейіпкерлердің жолда бастарынан өткен қызықтарын және әдемі табиғаттың көріністерін көре аласыздар.
Романтика «303» («303», 2018)
Бұл жолдағы махаббат пен романтика жайлы фильм. Юле есімді студент қыз көлікпен жолға шығады. Ол барлық Еуропа арқылы Португалияға жігітімен кездесуге бармақшы болады. Ян есімді жігіт кездейсоқ оның жолсерігіне айналады. Ол ешқашан көрмеген әкесін Испаниядан тапқысы келеді. Фильмде Германия, Франция және Португалияның керемет жерлері көрсетілген. Фильмнен екі студенттің жолда қалай өзгергендерін, тыңдауды, түсінуді қалай үйренгендерін бақылай аласыз.
«Жабайы» («Wild», 2014)
Басты рөлді Риз Уизерспун ойнайды. Бұл өзін-өзі түсіну, қателіктермен жұмыс істеу және қорқыныштарды жеңу жайлы фильм. Бастапқыда кейіпкер өз-өзінен және өткен өмірінен қашып жүргендей көрінеді. Алайда фильм соңына қарай бұл өмірге деген махаббат жайлы оқиға екенін және кез келген уақытта өзгеру кеш емес екенін түсінесіз.
«Соқпақ жолдар» («Tracks», 2013)
Бұл Австралия шөлін жүріп өткен қыз туралы шынайы оқиға желісінде түсірілген фильм. Қыздың басынан өткен қызықтары бітпейтіндей көрінеді. Картинада күтпеген жағдайлар, әдемі жерлер, жаңа ойлар мен қызықты жаңалықтар бар.
«Жабайы табиғатта» («Into the Wild», 2007)
«Жабайы табиғатта» фильмі road trip жанрының өзінше бір аңызына айналды. Бұл материалдық құндылықтардан бас тарқан және өз өмірін Аляскаға апарар жолға арнаған жас жігіт жайлы шынайы оқиғаға негізделе түсірілген фильм. Басты кейіпкердің таңдауы кей көрермендерге түсініксіз болуы мүмкін. Алайда мұндай саяхат оның әрекеттері жайлы ойлануға мүмкіндік береді.
«Жолда» («On the Road», 2012)
Бұл фильм Джек Керуактың «On the road» жол романы бойынша түсірілгендіктен, осы топтамаға енді. Ол достық, қарым-қатынас және бір идеямен байланысқан әртүрлі адамдардың қиын өмірлері жайлы фильм.
А. Жапатова