20 наурызда отандық тың туынды Регистратор фильмі көрермен назарына ұсынылды. Ал 19 наурыз күні Cinemax (Dostyk Plaza) Dolby Atmos 3D кинозалында фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Не себепті Регистратор көп комедияныңбірі емес, бірегейі? Соңғы уақытта қазақ кинематографиясында комедия жанрының өрісін кеңейту тенденциясы қалыптасып келеді. Make films компаниясы да Регистратор атты жаңа фильмі арқылы қазақ комедиясына үлес қосты. Киноның бас кейіпкері әрі режиссері Мейірхан Шерниязов және сценарий авторлары Медет Аманбаев пен Мейіржан Төребаев қазақ киносында болмаған, стилистикасы ерекше фильм ұсынды. Фильм тұтастай бір ракурста, көлік ішінде түсірілген. Сюжет бойынша бас кейіпкер Ержан жүргізуші болып жаңа жұмысқа орналасады. Бір өкініштісі, оның бастығы тым талапшыл, кірпияз адам болып шығады: Рөлден өзге ешбір жерге қолыңның ұшы тимейтін болсын! Бұл қатаң талаптардың бірі ғана. Жұмысының алғашқы күні Ержан достарын жұмыс көлігіне мінгізіп алып, көрмегенді көреді. Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады, Ержан мен оның достары бір күнде бірнеше сәтсіздіктерге ұшырайды. Фильмнің қоюшы-операторы Сәбит Семетаевтың айтуынша: Эпизодтың барлығын шағын кеңістікте түсіру қиынның қиыны. Ал фильмге түскен белгілі актер Әбунасыр Серіковтің пайымдауы бойынша, бүкіл фильмнің ритмін, динамикасын алып шыққан басты рөлді сомдаған актерлердің шеберлігі. Фильмді бастан аяқ бір ракурста түсіру идеясы актер Мейіржан Төребаевтың ойына келген. Сценарий жазылған соң, фильм 9 күн ішінде түсіріліп бітеді. Премьерадан кейінгі баспасөз-конференциясында режиссер Мейірхан Шерниязов түсіру процесінен кейінгі түзетулер жайында айтты: Монтаж жұмыстары аяқталғанда, бүкіл хронометраждың 9 минуты қысқартылды. Ал прокатқа шығаруға жауапты сыншыларға көрсеткеннен кейін, тағы 4 минутты алып тастауға мәжбүр болдық. Нәтижесінде фильм динамикасы бір қалыпқа келді.