Сиқыршы Гарри Поттер туралы франшиза жұлдызы Дэниэл Рэдклифф америкалық кинотеатрлардың біріне жиналған өз көрермендерін шошытып алды.
Ұйымдастырушылар актердің ойнайтын «Достық, ешқандай жақындастықсыз» («Дружба и никакого секса») деп аталатын жаңа фильмінің тұсаукесерінен соң көрермендерден сұхбат беруді өтінген. Лос-Анджелес қаласындағы кинотеатрға жиналған көрермендер актердің залда екенін білмеген. Актердің өз көрермендерімен кездесуге кенеттен шыққанын бейнелейтін ролик интернетке жүктеліпті.
Видеоның басында Дэниэл Рэдклифф фильм көрсетілімінен кейін көрермендердің өз әсерімен бөлісіп жатқанында әлдеқайдан шыға келіп, олармен әңгіме-дүкен құра бастайтынын хабарлайды. Рэдклифф көрермендердің еш таңғалмай, тұрған орнында тұра беретін болса қызық болатынын да айтады. Десе де, видео барысында көрермендер оны көрген соң шошып қалып жатқанын көруге болады.
Көрермендердің көп бөлігі актерді таныса, кейбірі оны шын мәнінде көріп тұрғанына сене алмағанын айтады. Нәтижесінде Рэдклифф көрермендермен фильм туралы әңгмілесіп, қол алысады.
Кездесу барысында бір көрермен актерге «Бізге фильм ұнамай қалды деп айтсақ не істейтін едіңіз?» деген сауал тастайды. Актер бұл сұраққа әзілмен жауап береді: «Мен сіздерді кинотеатрдан шығарып жіберіп, басқаларын кіргізетін едім».
Актермен кездесу бақытына ие болған тағы да бір бойжеткен өз өмірінде мұндай керемет жағдайдың болмағанын жеткізеді.
Британдық актер Дэниэл Рэдклифф сиқыршы Гарри Поттер туралы фильмдермен жақсы таныс. Франшизаның соңғы фильмі үш жыл бұрын шықса да, актер басқа фильмдерде де белсенді түрде түсуде.
Айта кетейік, «Дружба и никакого секса» фильмі Қазақстанда қазан айынан бастап көрсетіледі деп күтілуде.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: mir24.net