Польша ұлттық жад институты Джеймс Бонд есімді адамның елге 1960 жылдары келгенін дәлелдейтін құжаттарды анықтады. Бұл туралы институт Facebook-те хабарлады.
Ұлыбритания елшілігінде әскери атташе болып жұмыс істеген Джеймс Бонд Польша барлау қызметінің қатаң бақылауында болған.
Поляк құпия қызметі әйгілі фильмнің басты кейіпкерімен аттас адамды тыңшылық жасады деген күдікпен бақылаған, алайда институтта Бондтың өмірде ауыр қылмыс жасағанын дәлелдейтін ешқандай дәлел жоқ. Мұрағаттың мәліметінше, Бонд өте айлакер, қу және өзінің кинодағы прототипі сияқты әйелдердің жүрегіне жол таба білген.
Джеймс Бонд өмірінде Польшадағы әскери объектілерге кем дегенде екі рет кіруге тырысқан (1964 жыл қазан және қарашада). Ол Польшадан 1965 жылдың басында кеткен.
Дәл осы уақытта ағылшын жазушысы Ян Флемингтің тыңшы Джеймс Бонд туралы кітаптары жарық көре бастады, олардың кейбіреуі экрандалып та үлгерді.
Айта кетейік, кейінгі уақытқа дейін "Агент 007 – Джеймс Бонд" жазушы Ян Флемингтің ойдан шығарған образы деп айтылып келген еді.