Пираттық сайттардың жабылуы киноиндустрияға кері әсерін тигізеді

Пираттық сайттардың жабылуы киноиндустрияға кері әсерін тигізеді

Пираттық контент жарияланатын файлалмастырушыларды қудалау шын мәнісінде киноиндустрия табысына кері әсерін тигізеді – Мюнхен және Копенгаген бизнес-мектептерінің зерттеушілері осындай шешімге келіп тоқтады.  Экономистердің болжамы бойынша, егер пираттық әрекеттер фильмдердің сатылымына расында да кедергі болса, онда әлемдегі ең ірі файлалмастырушы сайт Megaupload.com-ның жабылуынан соң, кинопрокатшылардың табысы бірден ұлғаюы керек болатын, алайда ол қате болжам болып шықты. 

Өткен жылдың басында АҚШ үкіметі пираттық ресурстар ішінде әлемдік интернет-трафиктен 40 пайыз, ал жалпы бір күндік трафиктен 4 пайызға дейін үлес алған Megaupload.com-ды жапқан болатын. Сайттың жабылу сәтін қолданған зерттеушілер кинотеатрлардың осы оқиғаға дейінгі және осыдан кейінгі кассалық табысын салыстырып шықты (50 елден 10 мың фильм). Нәтижесінде Megaupload.com-ның ғайып болуынан соң, табыс 12 пайызға азайып кеткен.

Айта кетсек, ол барлық фильмге бірдей әсер етпеген. Мәселен, «Гарри Поттер» немесе «Мұз дәуірі» секілді ірі фильмдердің табысы шынымен де біршама артқан, бірақ ол Megaupload.com мүлдем танымал емес елдерде болған. Ал «орташа» деңгейлі және «шағын» фильмдердің кассалық табысы айтарлықтай мөлшерде кемігені байқалған.

Мұны ғалымдар нақты түсіндіріп бере алмауда, соған қарамастан, болжамдар бар көрінеді: мәселен, кинотеатрға баруды ұнататын А қолданушы «зиянды» ресурстарды жақсы көретін Б қолданушының ақпаратына негізделе отырып, ақша жұмсаудың қажеті бар ма, жоқ па, осыны шешеді. Ал Б қолданушыны кино көру мүмкіндігінен айырғанда, А қолданушы автоматты түрде фильм жайлы пікірлерден айырылып, белгілі бір фильм ақша жұмсауға тұрарлық па әлде олай емес пе, білмейді. Нәтижесінде кинопрокатшылардың жалпы табысы төмендейді. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: jevons.ru

Ж. FM