Қаңтар айында қазақстандық көрермендерге режисер Энг Лидің "Пидің өмірі" фильмі ұсынылды. Лента прокатқа шыққалы бері әлемдік сыншылар картинаның графикасы өте сапалы орындалғандығын талмай айтып жатыр. Әсіресе үш өлшемді жабайы жануарлар мен мұхиттағы көріністер ерекше айтып өтуге тұрарлық. Бұл әңгімемізде оқырмандарға осы арнайы эффектілердің қалай жасалғандығы туралы айтып береміз.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/lPK9Iw-L8H0","width":"450","height":"240"});
Фильм трейлері
"Таулы қырат" фильмі үшін "Оскар" сыйлығын алған тайваньдық режисер Энг Ли фильмді канадалық жазушы Ян Мартелдің "Пидің өмірі" романының негізінде түсіріп шықты. Жазушы кітабы үшін Пулицер сыйлығына ие болған. Осы орайда айта кетелік, "Пидің өмірі" картинасы биылғы "Оскар" премиясында 11 номинация бойынша бақ сынайтын болады.
Жобаның бюджеті 120 миллион долларды құраған. Түсіру жұмыстары Тайвань аралында және Үндістан, Канада елдерінде жүргізілді.
Фильмді түсіруге 3 жарым жыл кеткен. Жоба мүшелерінің айтуынша, ең қиыны судағы көріністерді түсіру болған. Айта кетелік, картинаның үштен екі бөлігінде Пидің мұхиттағы өмірі баяндалады. Осы орайда техник Чарли Ву былай деді: "Энг эстетикалық тұрғыдан саяхаттың әр бөлігінде судың түрлі қабатын көрсетіп отыру дұрыс болатындығын жақсы түсінді. Сонымен қатар, фильмнің әр бөлігінде әр қилы жарық түсіру керек болды. Осылайша қолдан түрлі көлемдегі толқындарды пайда қылу үшін алып резервуар салдық. Салынған резервуардың көлемі Олимпиада ойындары үшін қолданылатын бассейндерден кем болмады. Тереңдігі 270 сантиметр болды. Оның ішіне 660 мың галлон су (2500 тонна) сыятын еді. Жұмыс жасау принципі қарапайым. Резервуардың шетінде 12 мотор орналасқан. Моторлар суды тартып, керек кезде қайта жіберіп отырды. Кейіпкердің үстіне құйылып отырған су мен қайықтың шайқалуына ешқандай графика қолданылған жоқ".
Бассейннің техникалық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, мұхиттағы кейбір көріністер компьютерлік графика арқылы жетілдіріліп отырды. Мұхиттағы көріністермен екі алып визуалды эффектілер студиясы айналысты - америкалық Rhythm&Hues және британдық Moving Picture Company. Америкалықтар тыныш тұрған мұхитпен айналысса, британдықтар дауылдық көріністерді өңдеп отырды.
Мұхиттың визуализациясы Mantra бағдарламасымен жасалған. Moving Picture Company ұйымы іске кіріспестен бұрын кадрдегі қайықтың, кеменің ырғалуларын түпкілікті зерттеп алды. Дауылдық көріністерді жасау жұмыстары содан соң басталды. Яғни, мамандар кеменің қозғалысы алып дауылдың себебінен орын алып жатқандай болатын иллюзия тудыру керек болды. Ұжым осылайша 12 минуттық көрініс жасап шықты.
Мамандардың ең үлкен жұмысы ретінде жабайы жануарлардың графикасын айту керек. Ричард Паркер атты жолбарыс фильмдегі басты рөлдердің бірін сомдайды. Картинада жыртқыштың өзі көріністердің тек 10 пайызында бой көрсетті. Қалған пландарда аң компьютерлік графика арқылы жасалды. Айта кетелік, актер Сурадж Шарма (Пи) түсірілім жұмыстары кезінде жануармен ешқашан бетпе-бет келген жоқ. Жолбарыс секілді орангутанг та, гиена да, зебра да компьютерлік графика арқылы салынды.
Графикамен айналысқан мамандардың айтуынша, зебраның үстінде 19,5 миллион қылшық бар болса, жолбарыста - 10,4 миллион, гиенада - 9,7 миллион, орангутангта - 640 мың 219 қылшық бар екен.
Режисер Энг Ли және актер Сурадж Шарма
Фильмде визуалды эффект қолданылған 960 көрініс бар екен. Осылайша ерекше оқиғаның контекстінде картина әдемі, әрі естен кетпеc сәтті болды.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
суреттер: tvidi.ru, altapress.ru, itar-tass.com, brick.in.ua