Netflix «Жастық шақ» және «Ұлы сұлулық» фильмдерінің режиссері Паоло Соррентиноның «Құдайдың қолы» драмасының алғашқы тизерін шығарды. Бұл туралы IndieWire хабарлайды. Режиссер жаңа туындысында өзінің жастық шағында болған қайғылы оқиғалар туралы баяндайды.
Фильм 1980 жылдары Неапольде өмір сүрген жасөспірім Фабиетто Шизенің өмірінен сыр шертеді. Айта кетейік, бұл Паоло Соррентино туған қаласы. Барлық қала тұрғындары сияқты бас кейіпкер де көптен күткен қонақты көргенше асық. Себебі жуырда Неапольге аты мәшһүр Диего Марадона келеді. Бірақ баланың қуанышы ұзаққа созылмайды, себебі Фабиеттоның болашақ өмірге артқан үміті бір апаттың көлеңкесінде қалып қойған.
Паоло Соррентиноның айтуынша, «Құдайдың қолы» - оның автобиографиясы. Сұхбатта режиссер өзінің жастық шағында болған қайғылы оқиға туралы айтқан: «Мен 16 жасымда таудағы үйді жылыту жүйесінің істен шығуы салдарынан болған апатта ата-анамнан айырылдым. Мен үнемі олармен бірге жүруші едім. Бірақ дәл сол күні Марадонаның ойынын көру үшін қалада қалғам».
Фильмде Филиппо Скотти, Тони Сервильо, Массимилиано Галло және Тереза Сапонангело ойнайды. 2021 жылдың қыркүйегінде «Құдайдың қолы» Netflix-те шығарылмай тұрып Венеция кинофестивалінде көрсетіледі.