Пандемия кезінде ірі стриминг компаниялар сериалдары мен фильмдерінің тұсаукесерін кейінге шегеруге мәжбүр болды. Дегенмен сол уақыт аралағында Ұлыбритания телекомпаниялары көрерменін жақсы жаңалықпен қуантқан болатын. Бүгін пандемия кезінде жарыққа шыққан британиялық сериалдарды назарыңызға ұсынамыз.
Тригонометрия / Trigonometry
Көктемде жарыққа шықса да, кейіннен танымал болған сериал "Тригонометрия" махаббат үштігін көрсетеді. Бас кейіпкерлер Киран мен Джемманың кездесіп жүргендеріне біраз уақыт болған, бірге тұрып жүр. Бірақ қаржы жағынан қиналғандықтан, пәтерлерінің бір бөлмесін жалға беруге мәжбүр болады. Олардың жаңа көршісі француз бикеші, келісті, сымбатты — Рэй. Пәтер иелері онымен бірден тіл табысады. Үшеуі өз бойындағы кемшілігімен, ата-ана талап ететін "тым көп" жетістікпен, қоғамдағы соқыр наныммен күреседі.
Қойылым / Постановка /Staged
Өте қызықты әрі күлкілі мини-сериал скринлайф жанрында түсірілген. Сериал қашықтан жұмыс істеу туралы болмақ. Басты рөлдерді Дэвид Теннант пен Майкл Шин сомдайды. Сюжет бойынша олар өз өздерін ойнауы тиіс: Теннант болса Шинге пьеса қойылымына қашықтан дайындалуды ұсынады. Қырсық Шин жұмысты шын қабылдамай, әзілге айналдырады не кейінге қалдырады. Ал мазасыз Теннант ашуланады, әдейі сөздерді кері оқиды. Екеуі бірін-бірін тыңдағысы келмейді, жиі ұрсысады. Сериалда күлкілі сәттер өте көп және кейбір маман иесіне қашықтан жұмыс істеу қиын екенін түсіндіреді.
Лайықты күйеу / Подходящий жених / A suitable boy
Кинорежиссер Эндрю Дэвис өзін әдеби классиканың киноадаптациясын талғаммен жасайтын маман ретінде әлдеқашан дәлелдеген. Бұл жолы ол Викрам Сеттің романына тоқтаған. "Лайықты күйеу" сериалы XX ғасыр ортасындағы Пәкістанмен жылдарға ұласқан соғыстан кейін тәуелсіздік алған Үндістанда өмір сүріп жатқан төрт отбасы туралы. Оқиға Лата есімді он тоғыз жастағы бойжеткеннің айналасында өрбиді. Анасы оны тұрмысқа беруге асық, ал өзі болса отбасылық өмір туралы ойға алған да емес. Бірақ бәрібір үш үміткердің арасынан біреуін таңдауы тиіс.
Алданған / Обманутая / The deceived
Триллер жанрында түсірілген сериал сюжеті бойынша Офелия есімді Кембридж университетінің студенті отбасы бар профессорға ғашық болады. Бір күні профессор жоғалып кетеді, ал Офелия оны біраз уақыт іздейді. Кейін оны әйелінің жерлеу рәсімінен кездестіреді. Профессор мен Офелия қосылып, енді "бақытты да ұзақ" өмір сүретініне сенеді. Дегенмен, Офелия ғашығының жасырған құпиясы бар екенін уақыт өте түсіне бастайды...
Лондон бұзақылары / Банды Лондона / Gangs of London
Лондон қылмыс топтарының өзара соғысын көрсететін мұңды әрі ырғақты, криминал драма. Қылмыс тобы басшысының өлімінен кейін, топтар арасындағы әлсіз шекара бұзылады. Қайтыс болған басшының ұлы әкесінің өліміне кінәлілерді іздеп, кек алуға дайын. Ал Лондон көшелерінде нағыз қанды шайқас басталады. Бұл сериал Гай Ричидің шығармашылығын жақсы көретіндерге ұнайтыны анық. Басты рөлдерде Джо Коул (Өткір күңқағарлар), Паапа Эссьеду (Сенің көзіңді жою түк емес) және Мишель Фэйрли (Тақтар ойыны) ойнайды.
Солсберидегі улану / Отравления в Солсбери / The Salisbury poisonings
Скриальдердің ісін көтерген BBC сериалы мелодрама жанрында түсірілген. Сериалды жасап шыққандар бар назарды тыңшыларға емес, оқиғамен бетпе-бет келген қарапайым адамдар мен мемлекеттік қызметкелерге аударған. Алғашқы үш бөлімі Скрипальдердің үйін тексеру кезінде уланған полиция қызметкері Ник Бэйли, улы қарудың кездейсоқ және жалғыз құрбаны болған Дон Стёрджесс және тапсырмасы кінәлілерді іздеу емес, өз қаласының тұрғындарын қауіпті удан аман алып қалу болған жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің қызметкері Трейси Дашкевич туралы болды.
Алан Беннерттің сөйлейтін бастары / Говорящие головы Алана Беннетта / Alan Bennet’s talking heads
1990 жылы ағылшын драматургы Алан Беннет шығарған мини-сериалдың ремейгі. Он екі бөлімнің әрқайсысы заманауи актерлердің сомдауындағы моноспектакль секілді. Әр адамның қилы тағдыры көрсетіледі.
Мен Сьюзиді жек көремін / Я ненавижу Сьюзи / I hate Suzie
Атақты актриса Сьюзи Пиклздің өмірінде қиын сәттер басталады. Оның телефонындағы жеке ақпараттардың бәрі желіге жүктеліп, бәрі оның құпиясынан хабардар болады. Сьюзи не істерін білмей дал болады, ұяттан кірерге тесік таппайды. Соған қарамастан, құрбысы және менеджері үшеуі ақылдасып, өзінің жұрт алдындағы бастапқы образын қалпына келтіруге тырысады. Басты рөлді Билли Пайпер сомдайды.
Страйк: улы ақтық / Страйк: Смертельная белизна / Strike: Lethal white
Бұл — жеке тыңшы Корморан Страйк пен оның көмекшісі Робин Эллакоттың басынан өткерген төртінші оқиғасы. Робин тұрмысқа шығады, Страйк сүйіктісін кездестіреді. Бірақ екеуінің арасындағы байланыс әлі де шиелініс үстінде. Бұл жолы олар өткен оқиғаның шешімін табу керек, оқиға барысында Страйк өткеннің елесімен кездессе, Робин тағы да өлім аузынан аман қалады. Басты рөлдерді бұрынғыша Том Бёрк пен Холлидей Грейнджер сомдайды.