«Ойпырмай немесе қымбатты менің балаларым» фильмі

Режиссер Жанна Исабаеваның «Ойпырмай немесе қымбатты менің балаларым» фильмі жарыққа 2009 жылы шықты. Комедия жанрында түсірілген фильм біраз сынға ұшырады. Алайда, қарапайым қазақ әулетінің мүшелері туралы баяндалатын бұл кино өз көрерменін таба алды.

Екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған ана кенже баласымен ауылда тұрады. Үлкен балалары жеке отау құрып, өз күндерін көру үшін қалаға көшіп кеткен.

Үлкен ұлы Қанат отбасылы. Әйелі Рәзия екі баласымен пәтер жалдап тұрады. Жұмысынан алатын айлығы пәтерақысы мен күнделікті май-шайдан арттылмайды.

Қызы Майра екі баласымен бірге аядай ғана жатақхана бөлмесінде тұрады. Күйеуімен айырылысқалы бері ол бірнеше мекемеде жұмыс істеуге мәжбүр.

Екінші ұлы Жәнібек күн көрістің қамымен Алматыдағы сауда базарында өзгенің арбасын жалға алып, жүк тасушы болып істейді. Күнделікті тапқан-таянғаны пәтерақысынан артылмайды.

Кенже қызы Нұрила бір ауылға келін болып түскелі бері кішкентайымен үй шаруасында. Қатал ененің қас-қабағына қарап, күйеуінің соққысына көніп жүрген жан.

Балаларының басын біріктіру мақсатында ол кіші ұлын үйлендірмек болады. Тойға қаражат жинау үшін қарт ана кенже ұлымен бірге әр баласының үйіне барады. Бірақ та, әр баласы анасы мен бауырын әрқалай қарсы алады. Төрт түрлі оқиға, төрт түрлі жағдайға қарамастан, фильм үлкен тоймен аяқталады.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/oLH20u5RFkI?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});

Жанна Исабаева көпшілікке «Қарой» фильмімен танылған болатын. «Қарой» философиялық драма. Бұл фильмді түсіну үшін көрерменнің оны бірнеше мәрте көріп шығуына тура келеді. Ал «Ойпырмай немесе қымбатты менің балаларым» фильмі жеңіл әрі қызықты.

«Комедия жанрында кино түсіруге дайындалған кезде көп жандар қазақтың комедиясын жасау мүмкін емес екендігін айтып жатты. Мен болсам, тек мақсатыма жетуді ойладым. Маған танымал актер Бөпеш Жандаев пен Cosmos Art компаниясының директоры Асқар Сембин көмекке келді. Олардың мені қолдап, азаматтық танытқандығының арқасында бар ойымды жүзеге асыра алдым,» - деп режиссер бір сұхбатында ағынан жарылды. Фильмнің түсірілім жұмыстары 22 күнде жүргізілген. Жанна Исабаева режиссер ғана болмай, фильмнің сценарийін де өзі жазған.

Әдетте, отандық режиссерлер өз фильмдеріне түсіру үшін шетел жұлдыздарын шақыртады. Сондай-ақ, фильмде зәулім үйлер, қымбат көліктер, қарапайым қазақ баласының қолы жетпейтін дүниелерді көрсетуге асығады. Ал Жанна Исабаева болса, қазақ халқының бар болмысы мен әлеуметтік мәселелерді көрсете білді. Жұмыссыздық, пәтерақы, жағымпаздық, көнбістік, ысырап сияқты мәселелерді қозғады. Әрбір көрермен бұл фильмді көрген бойда өз туысын танып, өз өміріне ұқсасатады...

Зиялы қауым тарапынан теріс пікірлер жинаған бұл фильм өз көрерменін қарапайым қалың жұрттан тапты. Себебі, фильм сюжеті күнделікті күйбең тіршілікпен айналысатын жандар туралы. Қанша жерден халқымыздың ұлы, дана, бай екендігін айтсақ та, шындыққа көз тастауды ұмытпау керек.

Суреттер: kazakh.ru, drwares.net