«Хабар» агенттігі мен «Ел арна» телеарнасы отандық телехикаялар марафонын жалғастырып, көрермендерге 1 қазаннан бастап «Күн сақшылары» атты мистикалық телехикая ұсынбақ.
"Жақында финалдық көрсетілімі болатын және рейтингі бойынша түріктің «Тамаша ғасыр» телехикаясынан асып түскен «Тракторшының махаббаты» комедиялық телехикаясы жұртты күлдірсе, мистика, фантастика, комедия араласқан «Күн сақшылары» терең ойға жетелейтін болады", - дейді фильмді жасаушылар.
Артур Төлепов және Ахат Ибраев
Фильмді түсірушілер тобы бұған дейін үздік жобаларда көрінген шеберлерден құралған. Режисер ретінде шақырылған Санжар Сұлтанов Қазақстанда туылғанымен, жастайынан Америка Құрама Штаттарында білім алған, әйгілі Ли Страсберг театр және кино институтының түлегі. Америкада жинаған тәжірибесін ескере отырып, оны Қазақстанға хикая продюсері Ахат Ибраев шақырады. Ахат Ибраев та «Болашақ» бағдарламасының түлегі, осы күнге дейін «Аңыздар кітабы. Құпиялы орман» фильмін және «Санжар мен Қайсар» телехикаясын түсіріп үлгерген. Оның айтуынша, мұндай мистикалық фильм түсіру идеясы дәмханада ас ішіп отырған кезде келген. "Дәмханада әрдайым қарбалас, даяшылар үлгермей, кейде қолдарынан ыдыстар түсіп жататын кездер болады. Міне, сол қызметкерлер жайлы неге фильм түсірмеске деген ой келді", - дейді Ахат Ибраев. Осылайша сценарийін жазуды Валерия Плотникова мен Рустам Ниязовқа тапсырады.
Актерлер түсірілім барысында
Сценарий бойынша, Нұржан Тұтовтың кейіпкеріне әкесінен отбасылық мейрамхана мұрагерлікке қалады. Мейрамханаға қатысты бір құпияны айтып үлгермей әкесі дүние салады. Әкесіне «Мейрамхананы сатпаймын» деп уәде берген ұлы оның гүлденуін өз мойнына алып, мейрамханаға қызметшілер жалдайды. Ал кейін қызметшілер күн пішініндегі жұмбақ кілтті табады. Осылайша мистикалық шытырман оқиғалар легі басталады.
Телехикаяда ойнаған актерлердің біразы көпшілікке танылып үлгерген актерлер. Солардың ішінде Нұржан Тұтов, Аружан Жазылбекова, Артур Төлепов, Жанат Тынбаевтар өз рөлдеріне бірден бекітілсе, Шәріп Серік, Рүстем Жанаманов, Жұлдыз Махановалар кастинг арқылы таңдалған және кейбіреуі үшін бұл кинодағы алғашқы жұмыстары.
Ахат Ибраев, Артур Төлепов, Шәріп Серік, Аружан Жазылбекова, Жанат Тынбаев, Рүстем Жанаманов
Телехикаяның тұсаукесеріне орай ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатында актерлер күнделікті жиырма сағаттық түсірілімдерге қарамастан және орысшаға да, қазақшаға да шорқақ америкалық режиссер Санжар Сұлтанды кейде түсінбеген кездері болса да, телехикая түсіру процесі өте қызықты және ерекше болғанын айтты. "Фильм көрерменге бірден түсінікті болмауы мүмкін. Бірақ ортаңғы бөліміне қарай оқиғалар желісі қызықты өрбіп, адамды еліктіре түседі", - дейді «Хабар» Агенттігінің Бас редакторы Күлімхан Бұрышбайқызы. "Және соңында барлық құпиялар ашылып, мәресіне жеткен уақытта үздік телехикая болғанына көзіңіз жетеді",- дейді ол.
Серік Абас-Шах
Ал жаңа маусымнан бастап отбасылық телеарна форматына ауысқан «Ел арна» телеарнасының басшысы Серік Абас-Шах бұл телехикаялар марафонының екінші жобасы екенін және тағы екі жоба дайындалып жатқанын айтты. "16 бөлімнен тұратын «Күн сақшылары» телехикаясы бәлкім үлкен рейтинг әкелмес, алайда көрген адамды пәлсапалық ойға жетелейтін, адал, еңбекқор болудың маңыздылығын бейнелейтін өнегелі, салмақты телехикая болары анық", - деп қосты ол.
Автор: Анар Мұстафина
Суреттер: Анар Мұстафина, "Ел арна"