- Негізгі бет
- Кино
- "Оскар" сыйлығын 5...
"Оскар" сыйлығын 5 рет алған Федерико Феллини
Бүгін – ұлы режиссер, кинематограф кемеңгері Федерико Феллини дүниеге келген күн. Федерико Феллини – «Оскар» сыйлығын 5 мәрте иеленген бірегей тұлға. Олардың ішінде ең маңыздығысы - «кино өнеріне сіңірген еңбегі үшін» номинациясы. Сөзсіз талант иесінің осынша құрметке бөленуінің өзіндік себебі мол. Өйткені, ол – революционер.
Бүгінгі атаулы күннің құрметіне Феллинидің кинематографта жасаған 3 революциясы, яғни, жаңашыл көзқарастары туралы ақпарат беруді жөн көрдік.
1. «Қарапайым адамды» кино кейіпкеріне айналдыру
Кино өнеріндегі мансабын Феллини соғысқа дейін, яғни, фашизм заманында бастады. Сол себепті, ол кинематограф саласындағы ең демократиялық ағым саналатын неореализмнің негізін қалаушылардың бірі болды.
Оның балалық шағы Адриатикадағы Римини курорт-қаласында өткен. Кейін режиссер өз туындыларында қарапайым отбасы өмірі, балалық шақ қызықтары, курортта демалушы жұртшылық секілді күнделікті өмір тіршілігін көрсетті. Оның кейіпкерлері – голливудтік мықтылар мен байлар емес, қарапайым адам. Феллинидің Адриатика теңізі жағалауында өмір сүретін 5 жігіт туралы «Анасының балалары» және Венеция кинофестивалінде «Күміс арыстан» иеленген «Ақ шейх» секілді фильмдері неореализм бағытында түсірілген.
Одан кейінгі Оскар иеленген «Жол» мен «Кабирия түндері» атты картиналары да осы бағыттың жалғасы еді. Аталған фильмдердегі басты рөлдерді режиссердің өмірлік жары, 50 жыл отасқан жұбайы Джульетта Мазина сомдаған болатын. Оның кейіпкерлері хас сұлу болмаса да, ақкөңіл, пәктігімен баурап алатын. Мазинаны осыдан кейін «Белдемшедегі Чаплин» атап кетті.
Феллини осы туындылары арқылы қарапайым адамның өмірдің ызғарына төтеп беру арқылы, мақсатына жетіп, бақыт кешуін бейнеледі.
2. Шын өмір мен қиялдың ұштасуы
1959 жылы Феллини ең танымал және қайшылықтарға толы «Тәтті өмір» картинасын дүниеге әкелді. Фильмнің басты кейікерін Марчелло Мастроянни сомдаған болатын. Журналист кейіпкер өз-өзін табу, ұғыну жолында бір әйелден екінші әйелге ауысып, сұрықсыз ғұмыр кешіп жүреді. Ең алғаш «дольче вита» және «папарацци» ұғымдары да көрерменге осы фильм арқылы жеткен болатын. Кино кейіпкері өңі мен түсінің арасында өмір сүреді. Оның қиялы мен арманының дәл шын өмірдегі оқиғалардай маңызы бар. Ол да өзінше бір шындық.
Фильм жарыққа шыққан бойда оны көрсетуге тыйым салынды. Әсіресе, Италия мен Испанияда. Иисус мүсінін тікұшақпен алып келе жатқан сцена Ватиканның қаһарын тудырды. Алайда, қашанда құпияға құштар адам болмысы бұл фильмге деген қызығушылықты одан әрі арттырды.
Өзінің новаторлық тәжірибесін Феллини «8½» фильмімен жұмыс істеу барысында одан әрі жалғастырды.
3. Оқиғалар желісіне бағынбау
Оқиғалар желісіне бағынбау Феллинидің фильмдерін өзгелерден ерекшелеп тұратын. Ол: «Қазір фильмдер прозадағыдай баяндау мәнерінен поэзия деңгейіне өтіп келе жатыр. Мен өзімді шектегім келмейді. Туынды поэма болуы тиіс» - дейтін.
1978 жылы Феллини «Оркестр даярлығы» атты сюрреалистік фильм түсірді. Бірақ, бұл бағытта жұмыс жасау Феллинидің көрермендерін жоғатуымен тынды. Өйткені, сюрреализмді қабылдау кез келгеннің қолынан келмейді. Өз өнеріне табынушылардың азайғанын көрген режиссер: «Менің көрерменім өлді» - деген екен.
Дегенмен, революционер әрі реформатор Федерико Феллини – кино өнерді жаңа бағытқа бұрып, өзіндік қолтаңба қалдырған ерекше тұлға, тума талант.
А. Оралқызы