El Universal компаниясы екі мәрте "Оскар" лауреаты атанып үлгерген Алехандро Гонсалес Иньярриту Мексикадан жаңа локация іздеп жүр деген ақпарат берді.
Әзірге атақты режиссердің жаңа туындысының сюжеті де, атауы да, тіпті, актерлік құрамы да белгісіз. Гонсалесті Мехиконың тарихи орталығында орналасқан Чапультепек сарайынан көргендер де бар. Оның қасында кинематографист Брэдфорд Янг болған. Discussing Film мәліметі бойынша, жобаға қоюшы-суретші Патрис Верметт те қатысады. Иньярриту картинаның сценарисі әрі продюсері қызметін де атқарады.
Бұл жаңалық режиссер шығармашылығын ұнататындар үшін күтпеген сый болды. Себебі, ол 2017 жылы ұсынған Carne Y Arena аталатын виртуалды жобадан кейін ұзақ үзіліс алған болатын. Соңғы туындысы иммигранттардың қиын тағдырынан сыр шертеді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр мексикалық кинорежиссер Алехандро Гонсалес Иньярриту Канн кинофестивалі әділқазылар алқасының төрағасы болды.
Birdman және The revenant картиналары үшін "Оскар" лауреаты атанған Иньярритудің Канн кинофестивалімен байланысы да осал емес. Бұлай дейтін себебіміз, оның сонау 2000 жылы ұсынған дебюттік фильмінің өзі осындай беделді бәйгеде бақ сынаған. Соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын жоғарыда атап өткен "Carne y Arena" ("Тән мен құм") туындысымен іріктеуден өткен еді.
"Канн фестивалі менің мансабымның алғашқы сатысынан-ақ маңызды болды. Биыл әділқазылар алқасының төрағасы ретінде бұл шараға қайта оралатыныма сене алар емеспін. Кинематограф осы ғаламшардың әр тамырынан ағады, ал бұл фестиваль қашан да оның жүрегі боп қала бермек. Мен туындыларды бағалауды шын құлшыныспен әрі үлкен жауапкершілікпен атқардым",- деді режиссер.
Биылғы Канн фестивалі ресми түрде кейінге шегерілді, әзірге шара өтетін ғимарат коронавирусқа байланысты карантин уақытында баспанасыздардың мекеніне айналды.