Күні кеше Лос-Анджелес қаласында "Оскар" марапатын табыстау рәсімі өтті. Нәтижесі кім-кімді де таңғалдырмай қоймады. Шарада кәріс режиссері Пон Чжун Хо түсірген "Паразиттер" фильмі бірден 4 аталым бойынша үздік шығып, үлкен жетістікке қол жеткізді. Бүгін аталған картина туралы қызықты деректер топтамасын ұсынып отырмыз.
► Ки-джон (Пак Со-дам) ағасына Ёнсе университетінің дипломын қолдан жасап береді. Бұл Оңтүстік Кореядағы аса беделді 3 университеттің бірі. Режиссер Пон Джун-хо осы оқу орнын бітірген.
► Фильмнің Оңтүстік Кореядағы премьерасына дейін 192 ел оны көрсету құқығын сатып алып үлгерген.
► Актриса Чан Хе-джин аталған фильмдегі рөлі үшін 15 кг салмақ қосқан.
► Режиссер Пон Джун-хо бас кейіпкерлердің бірін сомдайтын Чхве У-щиктің сәл арықтауын сұраған. Ол Ки-удың жас әрі әлсіз екенін көрсетудің амалы еді.
► Чхве У-щик пен Пак Со-дам өз рөлдерін жоғары деңгейде атқарып шығуы үшін олар түсірілім кезінде де, одан тыс уақытта да Сон Кан-хоны "әке" деп атаған. Алайда кәріс мәдениетінде бұл ақылға қонымсыз дүние екен.
► Басылымдарға берген сұқбаттардың бірінде режиссер осы туындысын түсіру туралы шешімге Ким Ги-ённың "Үй қызметшісі" (1960) картинасын көргеннен кейін келгенін айтады.
► Канн кинофестиваліндегі премьерасында көрермен оған 15 минут үздіксіз қол соққан.
► Канн кинофестивалінің негізгі аталымы бойынша жеңген алғашқы оңтүстіккореялық фильм. Бұл кәріс киносының 100 жылдығымен тұспа-тұс келді.
► 2019 АҚШ-та ең көп касса жинаған шетелдік фильм болды.
► "Алтын глобус" марапатына ұсынылып, оны "Шетел тіліндегі үздік фильм" аталымы бойынша ұтқан алғашқы оңтүстіккореялық фильм; АҚШ актерлер гильдиясының марапатын "Үздік актерлік құрам" аталымы бойынша жеңген алғашқы шетелдік картина; "Оскар" марапатына "Үздік фильм" категориясы бойынша ұсынылған және ұтқан алғашқы оңтүстіккореялық фильм; Осы аталым бойынша үздік шыққан алғашқы шетел тіліндегі картина, "Үздік фильм" мен "Үздік халықаралық фильм" аталымдарын қатар ұтқан алғашқы шетелдік картина.
► Канн мен "Оскарды" қатар алған екінші фильм. Біріншісі — Делберт Манның "Мартиі".
► Сценарий жазу барысында Пон Джун-хо репетиторлықты негізге алған. Оның ойынша, бұл – қазіргі таңда Оңтүстік Кореяда аса бай және тым кедей әлеуметтік топты тоғыстыруы мүмкін жалғыз кәсіп.
► Картинаның ресми ақ-қара нұсқасы бар.
► Әкесі мен ұлы спорт залда сөйлесетін сценада Ки-удың (Чхве У-щик) көзіне жас келеді, бірақ бұл сценарийде жазылмаған.
► Тасқын болған кезде суға қоңырқай түс беру үшін косметикалық маска жасайтын саз пайдаланылған.