"Өрмекші адам" қазақша сөйледі

Паркер Гвен әкесіне берген уәдесін орындауға қанша тырысса да, ол қолынан келмеуде. Мұнымен қатар қалаға жаңа құбыжық Электро мен Өрмекші адамды іздеп жүрген Питердің досы келді.

Шындығында бұл фильмнің жалғасын бағалау қиынға соғады. Сюжетін айтар болсақ, бірінші бөлімімен салыстырғанда балалардың танымына жақынырақ. Комикстердің фанаты болсаңыз тіпті жақсы. Бұл жолы жақсылықтың жамандыққа қарсыласуын ғана көрсетіп қоймай, ата-анасы жайында толық мәлімет қосқан. Адамзаттың игілігі үшін батыл әрекеттер жасауды әдетке айналдырып, Питердің образын жақсартқан.

 

Ал Эмма Стоун сомдаған Гвен екеуінің қарым-қатынасы шынайылыққа ие болған. Екеуі де бір-бірін сүйеді, бірақ бірге бола алмайды. Айырылысып кеткен күннің өзінде де бауыр басып, ажырап кете алмайтындықтары көрініп тұр. Джейми Фокс ойнаған Электро рөлі көңілімізді қалдырды. Себебі фильмнің басында Өрмекші адамға табынушылардың бірі болып, ақылымен көзге түсіп жүрген еді.

 

Алғашында мінезін толық ашып көрсеткенмен, артынша «есінен ауысқан» кейіпкерді сомдайды. Ал Дэйн ДеХаан ойнаған Гарри Озборнның жағдайы мүлдем басқа. Оның Питер Паркердің өмірінде ең басты қарсыласына айналатыны туралы әзірге айтпай-ақ қояйық. Оны Гоблинге айналдырып жібергенше, «Ultimate» сериясы комикстарындағыдай жасыл құбыжыққа айналдырып жібергенде дұрыс болар ма еді?

 

Көбіне есте Электро мен Гоблинмен шайқас болған сәттері сақталады. Ал қалғандары әлсін ғана көрініс тапқандай. Ханс Циммер дайындаған музыкада аспаптарда орындалатын композициялар аз, ал электроника тым көп. Арасында «I’m Goblin» композициясы ерекше атап өтуге тұрарлық.

 

Ғашықтар кездескен сәтке арналған әуенді жазу үшін «The Magnificent Six»  ұжымын шақырған екен. Бұдан өзге классикалық музыкалар да пайдаланылған. Фильм басынан аяғына дейін «Қандай жағдай болсын жеңілме, үмітіңді жоғалтпа» деген ойлармен үйлеседі.

 

Өрмекші адам біз білетіндей жай ғана комикстің кейіпкері немесе бизнес саласындағы бренд емес. Ол - мінсіз әрі жағымды кейіпкер. Бэтмен немесе басқа да кейіпкерлер секілді жағымсыз қасиеттері жоқ. Өзі романтик. Нәтижесінде қыздар қауымының жүрегін жаулап, керегені өрмектерімен былғап жүрген бозбала есейеді. Ата-анасы, өзінің сүйіктісі және болашақ өмірі туралы көп ойланады. Осыған дейін көріп жүрген Супермен секілді мультфильмдердің сюжетінен жақсырақ.

 

Питер «Дос болып қалайық» деп жүрген Гвеннен қашады, артынша сүйіктісінің әкесіне берген сертінен бас тартып, махаббаттың құдіреттілігін танытады. Өзінің қанын алуды армандап жүрген досы да бар. Физиканың бар заңын жақсы білетін, Өрмекші адам десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйері қас жауына айналады. Және ең сорақысы – жан досы Гвеннің өліміне себепші болады.

 

Бұл фильм батыл кейіпкерлерді жаңа деңгейге көтерді. Яғни Марк Уэбб Бэтменді түсірген Кристофер Ноланның әрекетін қайталап тұр. Адам баласына таңдау жасап, оның салдарын түзету өте қиын. Жоғарыда айтқанымыздай, Питер сүйіктісіне арналған махаббаты мен оның басын қатерге тікпес үшін алыста жүремін деген сертінің арасында тұр. Бастапқыда өз сезімін тұншықтырып, одан бас тартуға тырысып бағады. Алайда Гвенсіз өмір сүре алмайтынын түсінеді. Эндрю Гарфилд пен Эмма Стоун ойнайтын сюжеттер көрсетілген кезде, әлемдегі зұлымдық атаулысының барлығы да тоқтап тұрғандай болады.

 

Екеуінің эмоцияға толы қарым-қатынастары тура мағанасында Электроның өзін де тебірентіп жібереді. Басты кейіпкеріміз бәрі бітті деп, өмірден жалыққан сәтінде ата-анасы туралы бар шындықты біледі. Ал жоғарыда айтып өткен жан досы «Озкорп» корпорациясының негізін салған Норман Озборнның ұлы. Әкесі ақтық демі шығар сәтінде әкеден балаға берілетін айықпас дертке ұшырағанын, яғни баласының да өзі секілді өлетіндігін айтады. «Өрмекші адам» комиксінің желісімен түсірілген фильмнің соңы қалай аяқталатындығын мен айтпасам да, білетін шығарсыздар.

Келесі фильм Паркердің зұлым алтылықпен шайқасатындығы жайында екендігін айта кетуіміз керек.

Мамандар батыр қаһармандарға арналған комикстерді фильмге айналдыру барысында барынша шынайылыққа жақын болу керектігін айтады. Мысалы, Кристофер Нолан ұсынған «Бэтмен», «Темір адам»,  «Америка капитаны» көбіне детектив жанрына ұқсайды. Ал «Жаңа өрмекші адамның» жағдайы мүлдем басқа. Марк Уэбб сұлу жігітті нағыз романтикке айналдыруға тырысқан.

«Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» - отандық кинотеатрларда «Көліктер-2», «Қара киімділер-3», «Батыл жүрек», «Жаңа Өрмекші адам» «Монстрлар Университеті», «Жалғыз рейнджер» көрсетілімдерінен кейін мемлекеттік тілде шығатын жетінші фильм. Аталған фильм фантастика жанрында түсірілген, 3D форматында шығады. Қазақ тіліне 8 күннің ішінде дыбыстаған.

Фильмнің тұсаукесері бір уақытта еліміздің барлық өңірінде 2014 жылдың 24 сәуірінде қазақ және орыс тілдерінде өтетін болады.  Жобаның ұйымдастырушылары: «Болашақ» Қауымдастығы, «MARWIN» компаниясы, «Алтын Қыран» Қайырымдылық қоры. 

Жоба «Нұр Отан» партиясының мемлекеттік тілді дамытуға қатысты саясаты мен отандық жастарға олардың әлеуметтік бастамаларын іске асыруға қолдау көрсетуіне сәйкес «Жастар – Отанға!» жобасының шеңберінде жүзеге асырылды.

Фильмді дыбыстауға Мерей Әжібеков, Әлима Қайырбекова, Азамат Қанапиянов, Дархан Сүлейменов, Жәнібек Жақыпов секілді 2012 жылғы «Жаңа Өрмекші-адам» дубляжына атсалысқан актерлар қатысты.

Суреттегі Питер Паркердің дублері

Актерлердің дыбыстық сынаулары Алматыда ақпан айында өткен болатын. Оларды Қазақстанға арнайы келген мамандар бекітті. Барлық жазылған материал дәстүрлі түрде Лондонда "Shepperton" студиясында түсіріледі.

Фильмнің сценарийін жазғандар – Алекс Куртцман, Роберто Орчи және Джефф Пинкнер. Ең алғаш сценарийді Стэн Ли мен Стив Дитко комикстерінің желісі бойынша Джеймс Вандербилт жасаған.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/NvA5Isfx_yw","width":"425","height":"350"});

Продюсерлері – Ави Арад, Мэтт Толмач. Көркемдеуші директоры – Дэн Миндел, ал дизайнері – Марк Фридберг. Редакторы – Пиетро Скалиа мен Эллиот Грэхам. Костюмдерді дайындаған – Дэбора Скотт. Фильм түсіру алаңындағы басты рөл Марк Веббке тиесілі. Журналистер басқаларына қарағанда, Марктан көбірек сұхбат алуға тырысады екен.

Автор: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: ru.digititles.com