- Негізгі бет
- Кино
- Өрмекші адам және...
Өрмекші адам және ғылым
1962 жылы Marvels Comics көмегімен, Стэн Ли жаңа қаһарманды өмірге алып келді. Ол – «Өрмекші адам». Ал, ол 1967-1970 жылдар аралығында теледидардан анимациялық фильм ретінде көрерменге ұсынылды. Кейбір адамдардың балалық шағының ертегісіне айналған «Өрмекші адамның» барына сенетіндер бар. Бірақ, зерттеуші ғалымдар ойдан құрастырылған хикаяға ғылыми тұрғыдан өз бағаларын берді.
Мутация
Жасанды әлем: Питер Паркерді өрмекші шағып алады. Аздаған уақыттардан соң жасөспірім өз бойынан ерекше қасиеттерді байқай бастады. Өйткені, өрмекші – радиоактивті әрі оның уында мутагенді ағзалар бар еді.
Ғылыми дәйек: Радиация ДНҚ-ны өзгерте алады. Дегенмен, ол бүкіл денені емес, белгілі бір дене бөлшегіне әсерін тигізеді. Екіншіден, адам денесіндегі 20 мыңға жуық геннің қайсысын өзгертетінін ешкім білмейді. Мутация – көпсатылы үрдіс, сондықтан ол баяу жүреді. Ал, Паркер шынайы өмірде болса, оның керемет қасиетке ие болудан гөрі ракка шалдығу мүмкіндігі жоғары болар еді. Егер, шынымен «суперқаһарман» болғысы келсе, өрмекші басынан аяғына дейін тістеуі тиіс.
Қабырғалар арқылы өрмелеу
Жасанды әлем: Өрмекші адам қабырғалар арқылы еркін өрмелеп, діттеген жеріне жете алады.
Ғылыми дәйек: Қабырғалар арқылы өрмелеу үшін Өрмекші адамның денесінің 40% жабысқақ болуы тиіс. Зертетушілер Спайдермен қабырғаларды тек ірі алақан мен табандарға ие болса ғана өрмелей алатынын айтты. Мысалға, суперқаһарманымыздың аяқ киімі өлшемі 145 болар еді.
Өрмек
Жасанды әлем: Спайдермен өрмегін үлкен поездарды тоқтату үшін қолданды. Сол арқылы қаланы еркін серуендейді.
Ғылыми дәйек: Егер Өрмекші адам шынайы бар болса, онда оған керек өрмек темір болуы керек дейді ғалымдар. Өйткені, үлкен қиындықтармен күресу үшін өзінің өрмегінің көмегімен бірнеше үлкен торын құру керек болады. Шынайы өрмекшінің өрмегі – тек жәндіктерге ғана қауіп төндіртін, микрон арқылы өлешенетін ұсақ дене. Дегенмен, өрмекшілер шынымен де өрмегін алысқа ата алады. Жеті жыл бұрын Мадагаскарда табылған Дарвин өрмекшісі өрмегін 25 метр қашықтыққа дейін атқан әрі нысанасына дәл тигізген.
«Өрмекшінің сезгіш қасиеті»
Жасанды әлем: Өрмекші адам болар қауіптің алдын алу үшін керемет сезгіштік қасиетке ие. Әсіресе өткір естігіштік қабілеті оны талай сыннан аман алып шыққан болатын.
Ғылыми дәйек: Осы уақытқа дейін өрмекшілердің есту қабілеті туралы әңгімелер аңыз ретінде қабылданған болатын. Осыдан бірнеше жыл бұрын ағылшын ғалымдары секірме өрмекшілердің есту қабілетіне ие екенін дәлелдеді. Мүмкін, Спайдерменді дәл осы өрмекшінің түрі шағып алған болар...
Т. Есқали