Хабар арнасы көрермен назарына 10 қыркүйек күні Тағы да сүй атты романтикалық жаңа телехикая ұсынды. Махаббат тақырыбын жаңашыл сарында қозғайтын телехикаядағы бас кейіпкердің бірі Мерейді сомдаған Нұрсәуле Әубәкірова Massaget порталымен өз рөлі және телехикая жайлы ой бөлісті. Сіздің кумир кім? Дәл мына кісі менің кумирім деп ешкімді айта алмаймын. Ешкім ұнамайды деген сөз емес, керісінше, барлық адамнан бір-бір ұнайтын қырын өзіме үлгі етіп аламын. Бірақ мен білетін бірегей тұлға бар. Ол Одри Хепберн. Оны бала кезден ұнатамын. Өнерлі актриса, әдемі әйел, отбасының ұйытқысы бола білген және өмірінің соңына дейін қайырымдылықпен айналысқан жан. Қанатты сөздерінің де мәні биік. Жалпы, іші де, сырты да сұлу адам. Сол кісіні үлгі тұтамын. Мерей мен Нұрсәуленің қандай ұқсастығы бар? Екеуі де әсемдікті, әділдікті сүйеді. Көршілерімен жақын араласуы ұқсас. Қырсықтықтары да ұқсас болуы мүмкін, бірақ мен ондай қатты ұрысқақ емеспін. Демек, рөлге кіріп, оны сезіну қиын болмады ғой? Иә, солай десе болады. Мұңды сәттер мен жылаған кезде аса қиын болмады, керек естеліктер мен музыка тыңдасам, сондай күйге ене беретінмін. Неге екенін білмеймін, бірақ бақытты түр жасау, күліп-ойнау керісінше қиын болды. Қазіргі қазақ сериалдарында жасандылық көп деген пікір бар. Сіз өз кейіпкеріңізді қаншалықты шынайы ойнап шықтыңыз? Иә, келісемін, жасандылық көп. Бірақ бұған актер қауымын ғана кінәлауға болмайды. Өз басым осы мәселеге жас режиссер ретінде уайымдаймын. Қазіргі телехикаяларға көбіне театр актерлері түседі ғой, ал оларда театр сарыны қалыптасып қалған. Тіпті өнер университеттерінде оқып жатқан көп болашақ актерлерге театралдық актер өнерін үйретеді де, ал киноактер өнерін сабақ етіп бермейді. Егер актерлерге кинода қалай ойнау керектігін үйрететін мамандар көп келсе, сериалдарда да жақсы ойнайтын актерлер көбейер еді деп ойлаймын. Ал өзімнің ойнап шығуыма келер болсақ, мен өзімді актриса санамаймын, себебі актерлық білімім жоқ. Барынша тырыстым, әрине. Шынайы ойнадың деп мақтап жатқандар бар, ол кісілерге рақмет. Бірақ өз ойыныма көңілім толған жоқ. Мамандығыңыз қандай? Актриса ретінде бұрын қандай тәжірибеңіз болды? Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің Кино және ТВ режиссурасы мен продюсерлігі мамандығы бойынша 5 курста білім алып жатырмын. Бұған дейін 2017 жылы Айна ғұмыр атты драмалық сериалда Ақтоты деген қыздың рөлін сомдағанмын. Бірақ, өкінішке орай, экранға әлі шыққан жоқ. Университет аясында түсірілетін толық/қысқа метрлі фильмдерге түсіп жүрмін. Жақында Позитив кинофестиваліне түсірілген Қазына (Сокровище) атты қысқаметрлі фильмге арнайы шақыртумен түстім. Ал Тағы да сүй телехикаясына қалай келдіңіз? Бұл жобаға да арнайы шақыртумен қатыстым. Режиссердің айтуы бойынша, төрт сценаристің біреуі менің Instagram парақшама жазылған екен және Мерейдің образын жазғанда мені елестеткен-мыс. Ұсыныс түскен соң бір саxнаны ойнап, сынақ видеосын жібердім. Сол кезде төртеуінің де көңілінен шыққан алғашқы кандидат мен болыппын. Сценарист қыздардың үміттерін сәл де болса ақтадым деген ойдамын. Қандай қиын сахналар болды? Тауда жеңіл киіммен, сыздаған суықта түн ішінде ойнау оңай болмады. Ал эмоция жағынан қиын сәттерді айтсақ, Мерейдің Аян үшін қиналып, жылаған саxнасына мен әжептеуір уақыт сұрадым. Бір сәт ешкімнің күлмеуі, тіпті сөйлемеуі керек болды. Себебі, сол күйден шығып кетсем, қайта оралу қиын еді. Өмірде Мерейдің жағдайына түссеңіз қандай шешім қабылдар едіңіз? Мерей болсам жағдайды толық білген соң, күйеуімді түсінуге тырысар едім. Себебі екі жыл бойы өлдіге санап жүрген алғашқы маxаббатын көрген кезде кез келген адамның есі шығар еді. Қаншама қиналған күндер, көз жасы көл болған түндер. Бекер ме? Өз басым өмірде бір-ақ рет сүйген адаммын, тағы да сүйіп көрмегенмін. Сондықтан Аянның жағдайын елестете алмаймын да, өте қиын. Түсірілім кезінде. Актер Шалқар Құдайберген, режиссер Асхат Мұсабай және Нұрсәуле Әубәкірова Түсірілім кезінде қандай қызықты сәттер болды? Өте көп болды, қайсысын айтарымды білмеймін. Бір саxнаның түсірілімін күткенше керуетке қисайып жатқанмын. Бір кезде маңдайыма камера құлап кетті. Сөйтсем, бас жағыма тіреліп тұрған екен. Бәрі шошып жаныма жинала қалды. Әйтеуір, жарақат алмадым. Қызық болғанда содан кейін әлгі камераның істемей тұрған функциялары істеп кетіпті. Операторлар Басыңа тағы бір-екі затты құлатып, жөндеп алсақ қайтеді? деп қалжыңдайтын болды. Телехикаяда түрлі әдемі жерлер қолданылыпты. Жалпы саны қанша локацияда түсірдіңіздер? Нақты санын білмеймін, бірақ өмірімде мұнша көп локациялы проектте болмаппын. Сериалдың арқасында неше түрлі жерлерге барып қайттым, алғаш рет әуе шарымен аспанға көтерілдім. Өте ұнады. Керемет сезім. Телехикая сценаристері жастар екен. Сценарий көңіліңнен шықты ма? Жастарға арналған телехикаяны жастардың жазғаны ұтымды болды ма? Әр жобаның қаңқасын сценарий құрайды. Сценарий арқылы сюжеттер пайда болады. Сондықтан сценаристерге көп нәрсе байланысты болды. Жас қыздардың арман-қиялдарының арқасында осындай керемет маxаббат оқиғасы дүниеге келді. Бұл салаға жаңадан келсе де, іштегі сезімге толы ынталарының арқасында жемісті жұмыс жасады. Сценарист қыздар қиялға ерік берді. Жаңашылдықтан қорықпады. Басқа сериалдардан ерекшелігі де сол деп ойлаймын. Өзім дорама көп көретін адаммын және үнемі түу, бізде қашан осылай түсіреді екен? деп ойлайтынмын. Сценарийді алғаш оқығанда қызыққаным сонша, қалай тез оқып бітіргенімді түсінбей қалдым, бірден қазақтың тұңғыш дорамасы деп қабылдап, қуанып қалдым. Тағы да сүй өз көрерменіне не береді? Олардың қандай қасиетін шыңдайды? Өмірде бәрі болатынын айқын көрсетеді. Алғашқы маxаббаттың қаншалықты ыстық екенін, бірақ қандай қиын жағдай болмасын, жаңбырдан кейін күн шығатынын, тағы да сүюге болатынын жеткізеді. Алайда, xэппи-эндтен кейін де неше түрлі сынақтар кезігіп, олардан аман өту өзіңе ғана байланысты екенін түсіндіреді.