Актер, "Бәйтерек" тобының әншісі Нұркен Өтеулов пен актриса Айнұр Бермұхамбетованың ұлдары Ақарыс Әшімхан Disney киностудиясы ұсынған "Джунгли кітабы" фильмінің басты кейіпкері Мауглиді қазақ тіліне дыбыстады.
Бұл 9 жасар Ақарыстың дубляждау мансабындағы тұңғыш жұмысы емес екен. Ақарыс бұған дейін "Қазақстан" телеарнасы ұсынған "Pixar" киностудиясының "Көкке" фильміндегі Рассел деген кейіпкерді дыбыстаған. "Джунгли кітабы" фильмі қазақ тіліне дубляждалады деген жаңалықты естіген соң, анасымен бірге кастингке қатысып көрген. Кастингтен өтудің өзі бір күрделі жұмыс. Олардың дауыстарын жазып алады да, Америкаға жібереді. Сөйтіп, Америкада ұнатқан дауыстарды бекітеді. Ақарысты осылай таңдап алған.
Басты кейіпкер Маугли болғандықтан, бар назар Ақарысқа түсіп жатқанымен, фильмге Өтеуловтердің отбасы мүшелері жұмылдырылған. Атап айтқанда, анасы Айнұр Бермұхамбетова жылан Кааны, Нұркен Өтеулов дикобраз Иккиді, үлкен ұлы Бейбарыс жасөспірім қасқырды дыбыстаған.
Дубляждауға, сонымен қатар, актерлер Ислам Зейнуллаев, Сағаділдә Үсіпбалиев қатысқан. "Джунгли кітабы" фильмін қазақша дыбыстау "Арай Медиа Групп" пен Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" Халықаралық стипендиясы иегерлері қорының көмегімен іске асып отыр. Ондаған ұрпақтың балалық шағының сүйікті кейіпкері Маугли жайлы хикая 7 сәуірден бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.