2011 жылы қазақ киносының қоржыны тағы бір фильммен толықты. «Несиеге махаббат» атты жаңа кинокомедия жарыққа шықты. Бұл белгілі актер Сәбит Әбдіхалықовтың режиссер ретінде түсірген алғашқы тырнақалды туындысы.
Қазіргі нарықтық заманда несиеге барлығын алуға болады. Тек уақытылы қарыз мөлшерін төлеп тұрса игі. Ал материалдық құндылықтармен қатар, несиеге махаббат алу мүмкін бе?! Бұл сұраққа жауапты фильмнің бас кейіпкері іздейді. Сүйікті жары болатын жанды табу мен қыздардың назарын аудару мақсатында ол анасы екеуі тұратын пәтерді кепілдікке қойып, қомақты көлемде несие алады. Қымбат автокөлік сатып алып, ойын-сауық кештерінде сымбатты қыздармен уақыт өткізеді. Қарызға алған ақшасы таусылып, қалтасы тесілген кезде, ол өз әрекетінің дұрыс емес екендігін түсінеді. Бақыт пен махаббатты ақшаға теңестірген ол жанындағы жанның ықыласын сезбейді. Қарыз уақыты аяқталар сәтте, бас кейіпкер өзінің әрекетіне көз жүгіртіп, ақылға тоқтап, қарызын қайтаруға әрекет жасайды. Осы кезде оған көмекке сырттай ғашық болып жүрген суретші қыз келеді. Фильм кейіпкерлері әдеттегі оқиғалардағы сияқты бақытты ғұмыр кешеді.
«Несиеге махаббат» фильмін 2010 жылы «Қазығұртфильм» студиясы түсірген. Фильм түсіру жұмыстары Алматы қаласы мен қала маңында жүргізілді. Үш мың АҚШ долларын құрайтын қаржы жұмсалған. Бас-аяғы сексен сегіз минутқа жететін фильмге бірде-бір шетелдің актерлері тартылмаған. Фильмге танымал кино және театр актерлері түскен. Атап айтсақ, корей мен түрік телехикаяларында талай кейіпкерді қазақша сөйлеткен актер Қайрат Әділгерей, қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық театрының актерлері Гүлшат Тұтова мен Сафуан Рысбай, белгілі актриса Лидия Кәденова мен өнер жолына жаңадан қадам басқан жас актриса Салтанат Жұмабекова, актер Жанатбек Бәйтеков, «Өнер қырандары» КТК командасының капитаны, актер Мадияр Серікбаев, «Нысана» әзіл-оспақ театрының директоры, актер Әбунасыр Серіков т.с.с. Фильм сценарийі Сафуан Рысбай мен Қайрат Әділгерейге арнайы лайықтап жазылған.
Комедиялық жанрда түсірілген кино басқа әзіл кинолар сияқты емес. Күлкілі болғанменен, фильм қазіргі қоғамдағы несие рөлі мен оның тартар азабын көрсетеді. Фильм әуелгі бастан «Любовь в кредит» деп аталады. Аты орысша болса да, заты қазақша фильмде диалог аз, көп сөздер қолданылмайды. Барлық айтар ойды актерлер іс-әрекеттермен жеткізеді. Режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың айтуы бойынша, фильм коммерциялық мақсатта емес, шығармашылық ізденіс үстінде түсірілген. Фильм арқылы режиссер бақыттың барлығы ақшаға байланысты емес екендігін көрсетуді көздеді. «Несиеге махаббат» фильмі сәтті шыққан туындылардың бірі.
Суреттер: megatorrents.kz
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/BEZPt_Ki0z8?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});