Қазақстанның барлық кинотеатрларында Ресейдің Мұз (Лед) фильмі қалың көрерменнің назарына ұсынылды. Фильмнің режиссері Олег Трофим. Рөлдерде Аглая Тарасова, Александр Петров, Милош Бикович, Мария Аронова, Диана Енакаева. Мелодрама, комедия жанрында түсірілген туындыны тамашалап, бағасын бергендер екі топқа бөлінді. Біріне фильмнің жүйесі, сценарийі, оқиғалары ұнаса, енді біріне көрініс арасында әртістердің музыка ырғағына ілесіп ән айтқаны ерсі көрінген. Бірақ не десе де, екі пікірді ұстанған қос тараптың сарапшылары Александр Петровтың актерлік шеберлігіне, жарасымды қағылтпа қалжыңдарына тәнті болды. Фильм 2003 жылдан басталады. Иркутск қаласында анасымен өмір сүріп жатқан қаршадай ғана Надя мұз айдынының падишасы болуды армандайды. Анасы Надяның тілегін орындап, үйірмеге жаздыруды көздейді. Жаттықтырушы қызды қатарға қабылдамағандықтан, әйгілі Байкалдың даладай тегіс мұз қатпарында Надяның спортқа деген қызығушылығымен қатар сырғанау деңгейі арта береді. Күтпеген жерден Надяның анасы өмірден озып, жетімдіктің зарлы оқиғалары басталады. Қайсар қыз Сен чемпион боласың деген анасының соңғы сөзін ұран қылып, уақыт өте елдегі ең мықты спортшылардың қатарына қосылады. Балдай зулаған өмір соңында Надяны тағы бір оңдыртпай теңселтті. Мүгедектер арбасына таңылған ару мақсатына жете алмай, қара түнекте жалғыз қалғандай күй кешеді. Осы кезеңде жоғарыда айтқан қалжыңбас жігіт жарқ етіп, мелодрама болып басталған фильм комедияға айналады. Қызықты оқиғалар серияға айналып, фильмнің соңы қазақ ертегілеріндегідей осылайша, мақсат-мұраттарына жетіптімен аяқталады. Неге бәрі мұз? деп әуеле ән салып, тоқсан бір деп ән салып, тоқсан бір деп жар салып жүрген тыңдарманның әнімен үндескен бұл фильм көруге тұрарлық туынды. Егер әлі көрмеген болсаңыз, тосын оқиғалармен таңғалдыратын фильмнің көрермені болғаныңызға өкінбейсіз.