Назарбаев Университетінде студенттік фильмдер фестивалі өтті. Байқауға студенттер жасаған қысқаметражды 5 пен 15 минут арасында түсірілген фильмдер қатысты. Фильмдер тақырыбы 8 наурыз мейрамына арналды. Бұл туралы Bnews.kz хабарлады.
Ең үздік фильм ретінде қазылар алқасы «March dream» картинасын таныды. Фильм хикаясы көрермендерге мультфильм түрінде көрсетілген, бұл кейіпкердің көріп жатқан түсі ретінде беріледі. Толық сапалы мультипликация жасау барысында авторлар мыңдаған суреттерді қолдан салған болатын.
«Хоррор» жанрында түсірілген «Сұмпайылар» атты картина «Ең үздік сценарий» номинациясында жеңімпаз болып танылды. Фильм зомби-қыздарға тұтқын болған достар хиқаясын баяндайды. Қыздарды 8 наурыз мерекесімен құттықтамаған жігіттер жауыз күштердің құрбанына айналады.
«Ең үздік монтаж» номинациясында «Анам, сені сүйемін» атты деректі фильм жеңімпаз аталды. Фильм кейіпкерлері өз анасы туралы әңгімелейді және Халықаралық әйелдер күні алдында өз ойларымен бөліседі.
«Бөтен денеде» комедиясында басты рөл ойнаған студент Тажи Құлжан ең үздік актер болып танылды. Фильм хикаясы: қызбен жігіт 8 наурыз мерекесін тойлау мәселесіне пікірлері қарсы келіп, келесі күні ұйқыдан оянғанда бір-бірінің денелерімен ауысқанына көздері жетеді. Соңында махаббат барлығын өз орындарына қайтарды.
Барлық фильмдер толығымен немесе ішінара университет аумағында түсірілді. Фестивальді Студенттік үкімет ұйымдастырған болатын. Студенттердің келешек мамандықтарының кино мен актерлік өнерге ешқандай қатысы жоқ екендігін атап өту қажет. Барлық ұсынылған жұмыстар әуесқой болып табылады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: on.kz