Өнер спорт секілді орта бір орында тұрмайды. Уақыт жылжиды, жаңа буан орныңызды алмастырады. «Көліктер 3» мультфильмі дәл осындай әсер қалдырады.
«Disney» және «Pixar» ұсынатын мультфильмдердің барлығының астарында сізге ой тастайтын құнды дүние жататынын білеміз. Бала көңіл оны сезбегенмен, жақсылықтың жеңетінін танып өседі. Әдемі суретке қазақ тілі одан көрік бере түскендей. Орынды әзіл мен ерекше дыбыстар әр кейіпкердің жан–дүниесін көрсетері анық.
Осыған дейінгі «Көліктер» топтамасынан айырмашылығы неде?
Біріншіден, туындының оқиға желісінідегі ерекшелік. Сіз алдын ала үкім шығарып, "қазір осылай болады" деп күтіп отыратын әрекеттердің барлығы басқаша өрбиді.
Екіншіден, бейнелеу шеберлігі. Тау мен тас, қыр мен даланың суреті дәл кинодағыдай нақты әрі әсерлі.
Үшіншіден, бұл мультфильм – нағыз ынта мен жігер сыйлайтын туынды. Ешқашан берілме! Сізге Найзағай Маккуин осылай дейді.
Сонымен қатар, осы уақытқа дейін әлемдік 20 туынды қазақ тілінде сөйлепті. Қазақ тіліндегі контентті балалар арасында дамытуға тиіспіз. Өйткені еліміздің болашағы сол өскелең ұрпақтың қолында. Қай тілде ақпарат алса, сол тілде ойлайтын болады. Ел сүйетін «Disney» туындыларының қазақ тілінде жарыққа шығуы үлкен мәртебе.
Ендеше, сіз де отандастарыңыздың еңбегіне бағаңызды беріңіз. Аз болса да, оқиғаның шет жағасын айтайын: атақты Найзағай Маккуин спорттан кетуі мүмкін. Круз Рамирез атты жаңа кейіпкер сүйіктіңізге айналады.
Естеріңізге сала кетейік, фильм қазақ тіліне «Болашақ» Корпоративтік қоры және «Marwin» компаниясының қолдауымен дубляждалды.