Музыка және кино

Музыкасыз өмір сүреңсіз. Олсыз өмірдің сәні де, дәмі де, мәні де жоқ. Мұныма бәріңіз келісерсіздер? Өркениет қанат жайғаннан бері музыка адамның сенімді серігіне айналды. Ал кино өндірісі де музыкасыз қараң қалушы еді.

Өздеріңіз байқайтын әр кинофильм музыкасыз дүниеге келмейді. Бәрінде аса ұзақ болмаса да бір қойылып алады. Кез келген жарқын-жарқын сценарий желілері музыкамен әрленеді. Сонымен қатар осы музыка жанры туралы талай кинофильм де жарыққа шыққан. Музыка жай өмірде де, өнерде де адамға күш беріп, шығармаға сән беріп келеді. Ал тек музыка жайлы жарық көрген кинофильмдер бөлек әңгімені талап етеді. Біз бүгін сіздерге сондай кинофильмдер жайлы айтып бермекпіз. Мүмкін сіз мына кинофильмдерді көріп те қойған боларсыз:

«Пианиношы туралы аңыз» («Легенда о пианисте»)


Музыкалық драма жанрында түсірілген бұл кинофильмде өзінің рояль аспабымен жолаушылардың көңілін аулап, бар өмірін кемеде өткізетін ерекше музыка өнерінің шебері туралы айтылады. Оны жұрт кім деп атамады десеңізші! Т. Д. Лемон, Новеченто, Дэнни Будмен… Басты рөлдегі кейіпкерді Тим Рот сомдады. Бірақ оның есімдерінде неміз бар? Оның өнері жайлы әңгіме қозғалса, ауыз жауып отыра алмаймыз. Кинофильмнің негізгі атауы - "Legend of 1900". Бәрі неден басталып еді? 1900 жылы бір күтуші қызметкер ойламаған жерден лимон ағашының астынан қорапқа салынған жас нәрестені тауып алады. Сол тастанды ұлдың қалай да пианиноға әуестеніп кеткендігін ешкім де аңғармай қалды. Оның ойыны уақыт өте келе жақсара берді. Жас бала күн сайын туа біткен дарынын шыңдап, елді елеңдете берді. Бір жыл өткен соң оның бір оркестрде бірге жұмыс жасаған музыкашы жақын досы есіне түсіп, өткен оқиғалар өрнегі көз алдымызда тізіледі. Кинофильм уақыт бөліп көруге тұрарлық дүниенің негізінде түсірілген. Көрерменге музыканың айрықша құдыреті арқылы лирикалық көңіл-күй сыйлай алатын кинотуынды өз бағасын алып та үлгерген.

Ал біз музыкамен астасқан ұлы кинофильмдер жайлы әңгімемізді өрбіте берейік.

"Мулен Руж" (2001)

Кинофильмнің басты рөлінде голливудтық киножұлдыздар Николь Кидман (Сатин) мен Юэн Макгрегор (Кристиан) ойнаған. Ал "Мулен Руждың" режисері – Баз Лурман. Ол классикалық операдан үлкен дүние жасап шығарды. "Мулен Руж" авторының сценарийі бойынша дәмхананың жұлдызы атанған жеңіл жүрісті Сатин өзіне ғашық герцогтың көңілін аулауы керек. Бірақ Сатин басқа біреуге ғашық болып қалады. Әйткенмен Кристиан не ақшасы жоқ, не басқа өзге шұқыр дүниесі жоқ сіңірі шықан кедей болады. Бірақ оның ерекше дарыны бар-тын. Ол – жас ақын. Ол Сатинге тек жүрегін ғана ұсына алады. Ал Сатинге бұл да жеткілікті еді.  Оқиғаның бәрі де ойдан туған. Соған қарамастан, атақты кинофильм әдемі де сәнді костюмдермен, ерекше декорациялармен, жарқын-жарқын көріністермен және таңғажайып музыкамен асқақтай берді.

Енді біз поэтикалық классикадан нағыз рок туралы кинофильмге көшейік. Өйткені американдық романтикамен астасқан рок-мәдениет туралы кинофильмдерді басқамен салыстыруға да келмейді. 

Рок мектебі» («Школа рока») (2003)

Р. Линклейтердің кинофильміндегі музыкалық шығармашылықта жүрген кейіпкерлер сіздерді әбден күлкіге тойдырады. Өздеріңіз елестетіп көріңіздерші: мектеп мұғалімінің орнына атышулы рок жұлдызын шығарып қойса қалай болады екен? Сіздер бұл кинофильмді көріп отырып бәрін ұғасыздар. Басты кейіпкер Дьюи дәстүрлі құндылықтарды онша ұната бермейтін. Кім біледі, оны гитарашы болып жүрген тобынан қуып жібермегенде, бәлкім, дәл осындай күйінде қалып қояр ма еді?.. Бір күні Дьюи өзінің көршісі Неда Шниблидің (Майк Уайт) орнына мұғалім болып көруге бел буды. Егер Дьюи өз оқушыларының музыкалық дайындығын естіп қалмағанда, мұның аяғы неге барып соғарын білу қиын еді.

"Почти знаменит" 

Бұл кинофильмді 2000 жылы аса танылып үлгермеген режисер Кэмерон Кроу түсірді. Оқиға 1969 жылдан басталады. Дәл осы жылы жас Уильям Миллердің (Патрик Фьюджит) іс-түзсіз жоғалып кеткен апаларынан мұраға қалған көп рок-әншілердің жазбаларына қолы жетеді. Оны рок-н-роллмен бірге өсті деп те айтуға болады. Арада төрт жылдай уақыт өткенде жас жігіт өз өмірін музыкалық кәсіппен астастыруға тәуекел етті. Жоқ, ол сіз ойлап үлгергендей музыкалық топ құруға асыққан жоқ. Бір күні жас музыкантқа сол кездері аты аңызға айналып үлгерген "Stillwater" рок-тобымен бірге журналист ретінде гасторльдік сапарға аттануға ұсыныс түсті. Жас жігіт жұлдыздармен қатар жүріп, талайды көреді. Өзі сүйетін музыкадан алыстамай жүргенінен қуанады.

Қарапайымнан ұлыға көшейік. Сөз соңында біз сіздерге музыка жанрындағы ұлы адам мен оның тудырған ұлы шығармалары жайлы кинофильм туралы айтып бермекпіз.

"Рэй"


Тейлор Хэкфордтың шығармасы киножұлдыз Джейм Фоксқа бақ әкелді. Өйткені ол осы кинофильмде атақты әнші Рэй Чарльздың рөлін сомдады. Осы ойыны үшін ол «Ең үздік актер» атанып, «Оскар» жүлдесімен қанжығасын майлады. Мұндай сыйлықтар тек лайықтыларға ғана берілетінін естен шығармаған жөн.

Туындыда Рэй Чарльздың өмірбаяны баяндалады. Оның өмірінде бәрі болды. Ол құлады, қайта тұрды. Қайта құлады... Өмірлік драмасы бар әнші көп рет тағдырдың тауқыметіне мойынсұнды. Шығармада нағыз ердің образы сомдалады. Өзінің еңбегі мен дарынының арқасында талай шыңды бағындырған орындаушы өмірден ойып тұрып өз орнын алып кетті. Өздеріңіз ойлаңыздаршы: жиырмасыншы ғасырдың басында афроамерикандық жеті жасар зағип баланың алдында не күтіп тұрады? Оны сол кездегі қасқыр қоғам мен ессіз заң еркелетіп отырмайтыны белгілі. Оның адам болып аяғына тік тұруына да, қоғамның толық мүшесі болып орнығуына да бір ғана нәрсе көмектесті. Ол – музыка. Оны жатса да, тұрса жадынан шықпайтын және кеудесін тесе сайрап тұратын джаз өнері адам етті. Өзі де джаз болып қалыптасты. Әйткенмен фильм жарыққа шығысымен-ақ, қоғамда кинофильмге деген түрлі қайшылықты көзқарастар мен пікірлер туындай бастады. Фильм бірде адамды қуаттандырады. Енді бірде қайғысымен қалықтап жүрген адамды топ еткізіп жерге түсіреді.

Бүгін біз сіздерге жоғарыден төмен қарай жылжи отырып, музыкамен өрнектелген өмірлік кинотуындыларды таныстырдық. Музыкаға құрылған сценарийлер мұнымен бітпек емес. Олар әлі де көп. Бұл бізді қоршаған ортамен қоса музыка әлемінің де қоршап тұрғандығының дәлелі болса керек. Музыка бұрыннан тірі. Осындай ұлы туындылар тірі тұрғанда, музыканың туы төмендемек емес.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: goodfon.ru